Арқалық қаласының іргесіндегі Дачный кентінің тұрғыны Әлия Асқарқызы гипстен түрлі бұйым жасап шығарады. Тауып жатқан пайдасы да көңіл көншітерлік. Ол басында әлеуметтік желіні қарап отырып, осы кәсіпке қызығушылық танытқан. Арнайы курс оқып, жұмысты қалай жүргізу қажеттігін үйренді. Сөйтіп, кәсіпті бастауға ақшаны қайдан алуға болатынын іздеп, нәтижесінде көп балалы ана ретінде 1 миллион 380 мың теңге қайтарымсыз грант иеленуге болатынын естиді.
“Бизнес жоспар дайындап, құжаттарымды өткіздім. Бағым жанып, бастамам қолдау тапты. Иеленген грант қаражатына гипс өнімдерін белгілі бір пішінге келтіретін қалыптар, бояу шашатын құрылғы сынды керекті нәрселерімді сатып алдым. Енді, міне, өз кәсібімді жүргізіп отырмын, тапсырыс бар”, – дейді Әлия Асқарқызы.
Қазір не көп, той-томалақ көп. Күнделікті болып жататын ірілі – ұсақты мерекелік шаралар көп балалы келіншектің қолға алған кәсібін жүргізіп тұр. Киіз үй, түйе, доп, мысық, 100 теңге т.б отызға жуық пішіндердегі бұйымдары еліміздің Астана, Алматы, Қостанай сияқты үлкен қалаларына да жол тартып жатыр.
“Бастысы, өнім сапалы, сәнді, ерекше жәнебағасы да қымбат емес. Біз тәрізді кәсібін енді бастағысы келетін жандарға қайтарымсыз қаржы беру бағдарламасын ұсынып, халықтың табыс табуына нақты қолдау көрсетіп отырған мемлекетімізге айтар алғысымыз шексіз”, – дейді жеке кәсіпкер.
Биыл Арқалық қаласы бойынша 17 адам «2021 -2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» арқылы қайтарымсыз грант алып, өз алдына жеке кәсібін бастаған.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы