«Қостанай жастары» бағдарламасын іске асыру үшін облыс әкімдігі мен «Отбасы Банкі» арасында келісім-шарт жасалған болаты. Тиімді бағдарлама аясында осы жылы 140 отбасы баспаналы болмақ.
Бағдарлама шарапатын көрген жандардың бірі Озерное ауылының учаскелік медбикесі Любовь Бутенко. Ол аудан орталығынан үш бөлмелі пәтер сатып алды. Бұған дейін пәтер жалдап келгенін айтады.
«Үш балам бар. Бағдарламаның шарттары мен пайызы төмен. Небары 10% жинақтасаң жеткілікті. Егер басқа бағдарламамен ипотеканы рәсімдейтін болсақ пәтер құнының 50% жинақтауымыз керек болды. «Қостанай жастары» бағдарламасымен мен 5 жылда жылдық мөлшері 5% өтеуім керек. Содан кейін оның мөлшері 2 процентке азаяды бола. Бұл өте тиімді әрі қолайлы шарттар», – дейді Любовь Бутенко.
Жұмыс істейтін жастарды қолдау жөніндегі өңірлік бағдарлама екі жыл бұрын іске қосылды. Осы уақытқа дейін баспаналы болғандар қатарында тек қала ғана емес ауылда еңбек етіп жүрген жастар да бар. «Отбасы Банк» АҚ Қостанай облыстық филиалының директорының орынбасары Әділет Жолаевтың айтуынша, жаңа немесе бұрын салынған үйлер үшін берілетін қарыздың ең жоғары сомасы 15 миллион теңге.
«Бағдарлама шеңберінде 140 жеңілдетілген несие беру көзделіп отыр. Оған қатысуға ниет білдірген 283 адамның 106-сы төлем қабілеттілігін бағалаудан өтті. Пилоттық жоба жүзеге асырылғалы бері облыс орталығында 40 шақты отбасы баспаналы болды. Өтінімдер барлық аудандардан түсті», – дейді ол.
Айта кету керек, 18-ден 35-ке дейінгі жастар келесі жылы да бағдарламаға қатыса алады.
«Биыл бағдарламаны іске асыруға 2 млрд 100 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатты Қостанай облысы әкімдігі мен Отбасы банкі бөлді. Әр өңірде кандидаттарды іріктеу бойынша жеке комиссиялар құрылды. Жеңілдетілген несиелеуге екі миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылды», – дейді қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Абылай-Хан Кәкенов.
Әсел ҚИБАШ