Ішкі істер саласының ардагері жолда көмек көрсеткен азаматтарға алғыс айтты

Ішкі істер саласының ардагері жолда көмек көрсеткен азаматтарға алғыс айтты

Редакцияға белгілі ақын Назарбек Бектемісовтің баласы Балтабай Бектемісов хабарласты. Кезінде ішкі істер саласында елге адал борышын атқарған тұлға туған жері Жанкелдин ауданына жасаған сапарындағы  оқиғасымен бөлісті.  Болған жайды қаз қалпында жариялауды жөн көрдік.

Қарға тамырлы қазақпыз ғой. Ағайын-туыс арасында кәде-жорамыз тоқтаған емес. Елде тұратын нағашыларым, Торғайдың Дәуітбайлары атаған бір ірі қара малым бар еді. Тіпті ол ойдан шығып кетіпті.

Қазан айы туып, апталап нөсер жауып, қара суық соға бастаған шақта нағашыларымнан хабар жетті.

– Әй, жиен, өзіңді көрмегелі көп болды. Розаны ертіп (жұбайым) елге келіп, аунап-қунап қонақ бол. Таңдаған бір өгізіңді күздікке сойып алып қайтасың, – дейді арнайы қоңырау шалып. Денсаулық жағдайына байланысты көптен сыртқа шыға алмай жүрген басым, мұны естігенде шын қуанып, жолға қам жасауды ұйғардым.

Келесі күні гаражда тұрған «тоқсан тоғызымның» май-суын тексеріп жатқанымда, сол маңайды төңіректеп жүретін Валера есімді жігіт келе қалды. Өзі бір үйсіз-күйсіз жан, жұбайым артылған тамағын беріп, мен тиын-тебенімді ұстатып дегендей, қарасып жүретінбіз. Қуанышым қойныма сыймай жүрген мен Торғайға жүргелі жатқанымды айттым. Мұны естіген ол: «мен бұрын «СТО-шник» боп істегенмін. Техниканы шемішкеше шағамын. Мені де ала кетіңіз. Жолда бұзылып қалсаңыз жөндеп беремін. Ақы сұрамаймын. Тек бір күн балық аулатсаңыз жетеді», – деп жік-жаппар болды. «СТО-шникпін», техниканы шемішкеше шағамын» дегені көңіліме жаға кетті. Не керек, бейсенбіні бетке алып, Роза екеуміз Валераны мінгізіп жолға шықтық.

Менің көлігім негізінен газбен жүреді. Алайда, Әулиекөлде газ деген атымен жоқ. Бензин бәгімізді толтырып, әрі жүріп кеттік. Қостанайда жасаған газ Амантоғайға қырық шақырым жетпей таусылды. Алайда, бензин толы болса да машина қызбай қойды. Бар үмітім «СТО-шникте».

Ананы-мұнаны шұқылаған болған Валерам кінәні маторға артты. «Оны ашатын құрал жоқ» деп қара аспанды төндірді.

Күндізгі сағат төрт шамасы. Көліктер сирей бастаған. Қара суық өңменнен өтіп ызғақтатып барады. Байланыс атымен жоқ. Көп өтпей қараңғы түсті. Қалымыз шынымен қиындады. Олай-бұлай өткендер тоқтамайды, тоқтағандары «каробка автомат, сүйрей алмаймыз» дейді. Сағат түнгі он екі болды. «Не болса да ықтасын ғой» деп көлігімізге кірдік. Оның іші де азынап тұр.

Рөлді тас қып құшақтап қап-қара түнге көзімді қадап, телміріп отырмын. Ешқандай жарық көрінбейді. Кенет қасымнан бір шетелдік көлік зу етіп өте шықты да, бір-бір шақырым жүріп барып қайта бұрылып, тап біздің қасымызға кеп тоқтады. Ішінен жас жігіт атып түсіп, жүгіріп кеп қалымызды білді. Жағдайымызды көрісімен бірден іске көшті. Алдымен қалшылдап тоңған Розаны жылы машинасына жайғастырды. Содан соң білегін түріп тастап, көлікті жөндеуге кірісті. Бірақ оның да қолынан келмеді. Бір сағаттан артық әуреледі.  Арасында жөн сұрасып та үлгердік. Өзі мектепті орысша оқыпты.

Жігіттің есімі Әміржан Айдарбекұлы екен. Бестауда туыпты, жасы жиырма алтыда. Қазір Қамысты ауданынан жер алып, кәсіппен айналысуды қолға алыпты. “Мал ұстап, егін егемін” дейді. Шаруашылығын кеңейту үшін Арқалық жақтан да жер алыпты. Жиын-терім уақытында комбаинының бірі сынып, соған қосалқы бөлшек алу үшін Қостанайға асығып, түнделетіп шыққан екен.

– Шырағым, Әміржан, осы пейіліңе де тәнтімін. Алла разы болсын. Жолыңнан қалма. Біз біраз жылынып қалдық. Сол да олжа. Таңертең бірдеңе қылармыз, – дедім.

Өйткені, жол ұзақ, алдында қаншама шаруасы күйіп тұр. «Қосалқы бөлшекті алысымен қайта шығамын, жұмысты тоқтатуға болмайды», – дейді.

– Жоқ, аға, о не дегеніңіз, мен бәрібір сіздерді жолда қалдыра алмаймын. Кәне, тіркеңіз. Құрығанда Амантоғайға жеткізіп салайын, – деді.

Айтқанында тұрып Амантоғайғадейіп апарып тастады. Қырсық қылғанда мұнда да газ жоқ екен.

– Мен еліме жеттім. Ал, қалқам, енді жолыңнан қалма! Бары осы болды. Азда болса көптей көр, – деп он мың теңгемді ұсындым.

– Ой, аға, маған ақша керек емес, батаңызды берсеңіз де жетеді, – деді ол жиырма литр бензиннің талонын ұсынып.

Өзімнің де бәгім толы екенін айтып әрең қайтардым. Шын ықыласыммен батамды аямадым. Бізбен құшақтасып қоштасып, Әміржан жолға шықты. Ал енді кімге хабарласамыз деп таныстарды іздей бастағанымыз сол еді, қасымызға бір көлік жетіп келді.  “Амантоғай ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Құшпанов Дастан Аманжолұлымын” деп  өзін таныстырды. Сөйтсем, Әміржан балам, инспекторға  бізді тапсырып кетіпті.

Дастандай азаматқа қалай риза болмайсың. Үйіне алып барып, түн іші демей қазан көтертті. Келін де қабағы ашық, дастарқаны мол жан екен, шын ниетімен риза қылды. «Біз мұндай Құдайы қонақтарға үйренгенбіз. Әсіресе, қыс мезгілінде төтенше жағдай жиі боп тұрады. Кім келсе де төріміз дайын», – дейді ағынан ақтарылып.

Келесі күні Дастанның үйінен дәм ішіп болғасын СТО іздемек ойымды айттым.

–Аға, осы машинаңызды мен бір көрейінші», – деп Дастан капотты көтерді де күліп жіберді.

Валера «маторды ашу керек» деп қиындатқан кілтипан карбюраторда боп шықты. Дастан бір он минут «шұқығаны» сол еді, көлігім гүр ете қалды. Менің ішкі істер органдарынан зейнетке шыққан ардагер екенімді, Назарбектей ақынның ұлы екенімді білгенде Дастан тіпті қуанып қалды.

«Бейнетімді бермесін, зейнетімді берсін», – деп ақ батамды бердім. Қонақжай шаңыраққа алғысымызды үйіп төгіп Торғайға жолға шықтық.

«Жол азабы – көр азабы» дегенді бекер айтпаған ғой. Бұл сапарда бұдан басқа да тартқан бейнетіміз аз болмады. Алайда, айтайын дегенім ол емес. Танымайтын, білмейтін екі бірдей азаматтың жасаған жақсылығы жүрегімді жылытты. Егер Әміржан қайта қайырылып келмесе, Амантоғайға жеткізіп, Дастанға табыстамаса, денсаулығы сыр берген жұбайымыз екеуіміздің қалымыз не болар еді? Ойлаудың өзі қорқынышты.

«Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам», «техниканы шемішкеше шағамын» деп балық аулап, тегін қыдырып қайтуды көздеген Валераның «сыры» бір-ақ сәтте ашылды. Пасықтардың пиғылын өз басына берсін. Айтпағым, қара жолдың үстінде бір-бірімізге қарайласа жүрейік! Жолаушылардың қиындық көрген әріптестеріне қайырым жасап, қол ұшын бере жүруі жазылмаған заң, азаматтық парыз емес пе еді қашаннан. «Кең болсаң – кем болмайсың» деген баба сөзі мәңгілік ұстаным болуы тиіс.

Қолыма қалам алдырған да осы еді. «Бұл қазақта жігіттер бар нар қасқа» деп Төлеген ақын жырлағандай, кең жүректі жігіттеріміз аз емес. Менің кейіпкерлерім Әміржан мен Дастан да сондай бейбіт күннің батырлары. Оларды үлгі еткеннен ұтпасақ, ұтылмаймыз.

 

Балтабай Бектемісов,

зейнеткер, Ішкі істер саласының ардагері. 

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу