Облысымыздың білім беру саласында жемқорлық анықталды. Штат бірліктерінің санын көбейту, жалақыны бірнеше шотқа аудару, артық төлемдер, педагогтерге сыйақы төлеу сияқты деректер тіркелді.
Біліктілігін арттырудан өтпеген педагогтерге артық төлем аудару жағдайы белгілі болды. Тұлғалар артық төлемдерді өз еркімен қайтарды.
– Сонымен қатар, аудандық деңгейде 157 қызметкерге жалақы бірден 2 шотқа аудырылған. Бұл ретте алушылардың өздерінен төлем кезінде мұндай әрекеттерге өтініш болмаған. Бұл жүйе бухгалтерлік есеп талаптарын бұзып, жекелеген жосықсыз басшылар өздерінің пайдасына қолданып отыр, – дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша Департаментінің басшысы Бауыржан Ұзынжас.
Денсаулық сақтау саласына да тексеріс жүргізіліп, 2 мың емделушіге “Дамумед” қосымшасы арқылы 8 мыңға жуық жалған медициналық қызмет көрсетілгені айқындалды. Департамент басшысы мұндай әрекет емделушілердің өтімділік санын жасанды арттыру үшін қолданылатынын айтты.
– Қаладағы емханалардың бірінде 40 қызметкердің жалақысына негізсіз үстемақы төленген. Мұндай жағдай аудандық орталық ауруханасында да болды. Биыл жыл соңына қарай барлық ұсынымдар орнындалды. Ендігі облыстық балалар ауруханасын күрделі жөндеуден өткізу мәселесі қалды. Бұл жобаны созылып кеткен құрылыс тізіміне енгізіп, жеке бақылауға алдық, – деді Бауыржан Ұзынжас.
Осы жылды агенттік “Бизнесті қолдау” жылы деп жариялаған еді. Департамент бастамасымен “Бизнеске жол” жобасы іске асырылып жатыр. Бауыржан Ұзынжас аталған бағыттағы қол жеткзілген нәтижеге қысқаша тоқталып, салада бизнеске жер бөлу мәселесі бойынша талдау жүргізілгенін баяндады.
– Жер комиссиясының жұмысы ашық жүргізілмейді. Салдарынан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге негізсіз салық салынған. Рұқсат етілген мөлшерден бірнеше есе артық жер беру фактілері тіркелді. Жосықсыз шағын және орта бизнес субъектілері мұны аукционнан айналып өту үшін жасайды. Осылайша негізгі учаскеге қызмет көрсету үшін қосымша учаскені иемденуге өтініш жасайды. Нәтижесінде, негізгі учаскеден бірнеше есе көп жер алады. Бұдан басқа, Департамент, құны 1,5 млрд теңге тұратын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге, жеке тұрғын үй құрылысына одан әрі сату мақсатында, нысаналы мақсатын өзгерткен фактіні анықтады. Бұл іс-әрекет бойынша Жер ресурстарын басқару департаментімен бірлесіп алдын алу шаралары қабылданды, – деді Департамент басшысы өңірлік коммуникация алаңында өткен брифингте.
Сералы МЫРЗАБАЙ