Жерлесіміз ұлттық спорт түрлерінің үздіктері қатарына енді

Жерлесіміз ұлттық спорт түрлерінің үздіктері қатарына енді

Бүгін «Алтын тұғыр» сыйлығының иегерлері анықталды.  Ұлттық спорт түрлерінің үздіктері қатарында “Дәстүрлі садақ ату” номинациясын қостанайлық Аяулым Аппазова  иеленді.
«Алтын тұғыр» сыйлығының онжылдық мерейтойлық шарасында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов еліміздің тұрғындары арасында ұлттық спорт түрлерінің танымалдығы артып келе жатқанын айтты.

«2024 жылы қауымдастық барлық спорт түрлері бойынша ұлттық құраманың спорттық дайындығына баса назар аударатын болады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық спорт түрлерін дамытуға үлкен көңіл бөліп, қолдау көрсетуде. Алдағы жылы Мемлекет басшысының бастамасымен өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары этникалық спорттың дамуына серпін беретіні сөзсіз», – деді Исламбек Салжанов.

Бүгінгі таңда қауымдастық құрамында 10 федерация, оның ішінде «Тоғызқұмалақ», «Бәйге», «Құсбегі», «Көкпар», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Дәстүрлі садақ ату», «Асық ату» және «JORYQ ат спорты» федерациялары бар. 2023 жылы федерациялардың спортшылары 12 халықаралық жарысқа қатысып, 95 медаль жеңіп алды, оның 35-і алтын.
Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Қауымдастық Қазақстан Республикасының ұлттық спорт түрлерін дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуде.
Ұлттық спорт түрлері бойынша кадрлар даярлаудың арнайы оқу бағдарламалары дайындалып, «Ұлттық спорт түрлерінің жоғары мектебі» құрылуда.

Жаңалықтармен бөлісу