Қостанайлықтар республикалық байқауда топ жарды

Қостанайлықтар республикалық байқауда топ жарды

Астанадағы “Педагогикалық идеялар панорамасы – 2023” республикалық байқауында  облысымыздың сегіз педагогі жүлделі орындарға ие болды. Байқаудың “Ерте сауаттылық” және “Экологиялық сауаттылық” бағыттары бойынша бірінші орын алды. Марапаттау рәсіміне ҚР Оқу-ағарту министрлігі орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев, “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ Басқарма Төрағасы Еламан Айболдинов қатысты.

Конкурсты “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Қазақстан Республикасы Білім Министрлігінің қолдауымен 2018 жылдан бастап өткізеді. Байқаудың мақсаты – қазақстандық педагогтардың цифрлық құзыреттілігінің жоғары деңгейін, олардың авторлық әдістемелер негізінде сапалы білім беру бейнересурстарын құру қабілетін көрсету. Бейнероликтерде мыңнан астам мұғалім өздерінің педагогикалық идеяларымен бөлісті. Бейнесюжеттер алғаш рет пәндер немесе әдістер бойынша емес, функционалдық сауаттылық түрлері бойынша жасалды.

Ерте сауаттылық яғни, мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу бағытында Светлана Бойко, Светлана Федина, Наталья Лубинская және экологиялық сауаттылық бойынша Елена Якимчук, Светлана Фадеева бірінші орынға ие болды. Оқу сауаттылығынан Светлана Кащеева, Евгений Кащеев, математикалық сауаттылықтан Марина Машира, қаржылық сауаттылық Ольга Терновая, Есілбай Мұхамедрахимов, Марияш Шаханова, денсаулық мәселелеріндегі сауаттылықтан Гулжазира Абдрахметова, Әсел Асылбекова екінші орын алды. Сондай-ақ, сандық сауаттылық бағыты бойынша Виктория Кныш және мәдениетаралық сауаттылықтан Ирина Гостищева, Вера Кириченко үшінші орынға ие болды.

92 ұстазға арнайы диплом мен қаржылай сыйлықтар табысталды.     1 орынға 150000 теңге, 2 орынға 100000 теңге және 3 орынға 80 000 теңге көлемінде ақшалай сертификаттар берілді. Сонымен қатар, әр бағыт бойынша YouTube-те ең көп қаралған бейнематериалдардың авторлары анықталды.

Диана БАТЫРБЕК

Жаңалықтармен бөлісу