Тарихи өлкетану музейі Өтей батырдың портретімен толықты

Тарихи өлкетану музейі Өтей батырдың портретімен толықты

Сұрапыл соғыста туған жерін қорғау үшін жан алысып, жан беріскен батырлардың есімі ел жадында. Қараша халық, саналы ұрпақ баба ерлігін ұмытпақ емес. Күні кеше Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде XVIII ғасырда өмір сүрген Өтей батырдың кескіндемелік портреті табысталды. Оған батыр ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері  көзайым болды.

Өтей батыр 1714 жылы Торғай жерінде дүниеге келіп, сол өңірде өмір сүрген. Ол өз өлкесінің ғана емес, сонымен қатар бүкіл Қазақстанның тарихында үлкен рөл атқарған жарқын тұлғалардың бірі. Еділ бойы қалмақтары қазаққа шабуыл жасап, Ойыл өзеніне дейінгі жерді алғанда, Орта жүзден Кіші жүзге келген әскер қолын осы Өтей батыр басқарған. Бұл ерлігін Кіші жүз ру-тайпалары әрқашан айтып жүреді. Ал батырды көмекке аттандырған қолбасшы Шақшақ Жәнібек. Осылайша, Өтей батыр Кіші жүздің Қызылқоға жерінде үлкен соғысқа қатысып, 1749 жылы не бары 35 жасында қаза тапты.

Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратовтың айтуынша, бүгінгі өткізілген іс-шараның мағынасы тереңде екенін айтты.

   – Еліміздің еркіндігін аңсаған, сонау зұлмат заманда өзінің өмірін сарп еткен бабамызды еске алу бірінші кезекте жас ұрпақ үшін маңызы жоғары. Жалпы Өтей батыр он сегізінші ғасырда қалың елді жинап, сан мың жау әскеріне қарсы шығып үлкен ерлік көрсеткен тұлға. Арнайы облыстық тарихи-өлкетану музейіне батыр бейнесінің табысталуында үлкен мән мен мағына жатыр. Себебі бұл жастарымызға өте үлкен өнеге болары сөзсіз, – дейді Қ. Атамұратов.

Батыр ұрпақтарының тындырымды істері көпке үлгі. Олар баба разылығы үшін әрқашан жағымды жұмыстар атқарып, елге пайдасын тигізіп жатыр. Өтей батыр ұрпағы Марат Якуповтың айтуынша, баба суретін салу бірер жыл бұрын жоспарланған көрінеді.

            – 2021 жылы екі марафоншы Сатыбек Исмайл мен Ерлан Құсайынов бауырымыз Қызбелден Қарабауға дейін 1200 шақырым жаяу барды. Сол кезде «Өтей бабамыздың жолы» атты акция өтті. Оларды қарсы алуға Атырау қаласына бардым. Сонда Карбоз ағам айтқан еді жүрген жеріңде музейлерді қарай жүр деп. Атырау музейінде Бекет атаның шәкірті Бөкен бидің портреті бар. Ол кісі бабамыздың мазарының артында жатыр. Музей директоры маған «неге Өтей батырдың портретін салмайсыздар?» деген ұсыныс жасады. Мен аң-таң болдым. Себебі бабамызды көрген жоқпыз. Сөйтсек, бидің туыстары жиналып, ақылдасып өзара бір шешімге келген екен. Бірден Карбоз ағама хабарласып, осындай ұсыныс түсті деп айттым. Ол кісі қолдады. Бізде арнайы ақсақалдар қоры бар. Соларға айттық бір адамның кейпіне келейік сіздер шешіңіздер дедік. Ақсақалдар келісті. Бірақ «бір талап бар: суретші торғайлық болуы керек» деді ақсақалдар. Жан-жақтан небір суретшілер хабарласты, олардың ешбіріне иық бұрмай, өзіміздің Арқалық та тұратын, Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі Сапарбек Ұзақов деген ағайға салдырдық. Жалпы суреттің ұзындығы бір метр, ені сексен сантиметр. Алайда, қазір багет салғандықтан ұзындығы метр жарым, ені бір метр болды. Батыр бейнесі бейнеленген сурет авторлық құқықпен бекітілген. Патент Өтей батыр ұрпақтары атында. Сурет авторын әрқашан Сапарбек аға деп көрсетіп отырамыз, – дейді Марат Якупов.

Сапарбек Ұзақовтың қыл қаламынан туындаған суреттер еліміздің бірқатар өңіріне танымал. Ол кісіні Тобыл-Торғай өңірі жақсы біледі.

– Негізінен суреттің алғашқы түп нұсқасын салуға біршама уақыт кетті. Адам бейнесін қарап отырып салмағаннан кейін оңай емес. Салдыртушы тарап бірнеше фото-суреттерді берді. Солардың арасынан байланыстыра отырып батыр бейнесі дүниеге келді. Ізденіс жұмыстары кезінде әртүрлі материалды қолданып көрдім. Бірінші күнделікті өзім пайдаланып жүрген бояуларды немесе қарапайым қарындашпен де салған сәттер болды. Ал негізгі дайын шыққан портретке кенеп және майлы бояу қолданылды, – деді суретші.

 

Жалпы саны бір-бірінен аумайтын тоғыз портрет салынған. Алғашқы суреттер Астана қаласындағы Ұлттық музейге, ҚР Қарулы күштерінің Әскери-тарихи мұражайына және Алматыдағы ұлттық музейге, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейіне берілді. Қалғандары Арқалық, Аманкелді, Торғай, Қызбел, Атырау облысына табысталатын болады.

Бейбіт НҰРМҰХАНОВ

Суретті түсірген автор

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу