Елді мекенде жаңа мешіт бой көтеріп, пайдалануға берілді.
Айтулы жиынға облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет, өңірдің беделді азаматтары, ауыл тұрғындары, белгілі дін қайраткерлері Шоқан қажы Әмірханов, Бектұрсын қажы Уәлиев және Сабыржан қажы Есмурзиндер қатысты деп хабарлайды облыстық мешітінің баспасөз қызметі.
Бір тоқталар жай, басқосуда еліміздің егемендігі үшін ғасырлар бойы күресіп, тәуелсіздік жолында құрбан болған ата-бабаларымыздың рухына бағышталып, құран оқылды.
Жиналған халықтың алдында Бахытбек Нұрғабылұлы сөз сөйлеп, барша қауымды ғибадат орнының айтулы мерекеде есігін айқара ашуымен шын жүректен құттықтады.
Аталған ауылда мұндай жұртшылықты имандылыққа ұйытатын парасат ордасы ауадай қажет-ті. Соны жете түсінген ардақты ақсақал Ертарғын Жұбанышев пен руханият саласының білікті маманы Медет Байзақов ұйытқы болды. Олардың ұсынысын ауданның Бас имамы Дарқан Манарбекұлы дер кезінде қуаттады. Сөйтіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкіл имамы Бахытбек Нұрғабылұлы ізгі мақсаттағы бастамаларын қолдады.
Бұл мешіттің құрылысы ерте көктемде басталып, небәрі жарты жылдың ішінде толық аяқталды. «Көп түкірсе, көл болар» демекші, қажетті қаражат мәселесіне жанашыр кәсіпкерлер мен жергілікті халық тікелей атсалысты.
– Пайдалануға берілген киелі орын шамамен 200 адамға лайықталған. Оның бір жағы намазхана болса, екінші жағында асхана орналасқан. Сыртқы келбеті мен ішкі көрінісі кімнің болсын назарын еріксіз аудартады. Ал, жиһазбен қамтамасыз етуге облыстың Бас имамы көмек қолын созды. Қазір мешіттің бөлмелері қыс мерзіміне толық дайын, әрі жылы. Көгілдір газ тартылған, – дейді «Маңдай батыр» мешітінің Бас имамы Дарқан Сыздықов.
Халықтың игілігіне берілген мешіттің молдасы қызметін жерлестері арасында сый-құрметке бөленген Ертарғын Бимағамбетұлы атқарады.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков