Тәгіл ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункті пайдаланылуға берілді

Тәгіл ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункті пайдаланылуға берілді

Жаңа кейіпке енген әлеуметтік маңызы бар нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасарлары Әлия Бекмағамбетова мен Жанат Жиенбаев, Тәгіл ауылдық округінің әкімі Сағынбай Сүндеталин, аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Жандос Демеев, қоғам белсендісі Солдат Дүтпаев және ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.

Мәртебелі меймандар осынау қуанышты сәтпен бөлісіп, құттықтау лебіздерін білдіріп, ашылу салтанатынан соң фельдшерлік-акушерлік пункттің ішін аралап көрді.

– Жыл сайын аудан бойынша игі істер атқарылуда. Бүгін Тәгіл ауылында сондай қуаныштың куәсі болып отырмыз. Осындай жұмыстар жалғасын таба бермек. Алдағы жылы хоккей кордын салу жоспарланып жатыр. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді Әлия Молдабайқызы.

Мұнда фельдшерлік-медбикелік кабинет, емшара жасау мен екпе бөлмесі және акушерлік кабинет және жүкті әйелдерді (скринг жасау, түрлі әйелдер онкологиялық ауруларды) қарайтын бөлме орналасқан. Кабинеттердің бәрі де толықтай аппараттармен жабдықталған.

ФАП заманауи стандарттарға сәйкес келеді және балалар мен ересектерге, соның ішінде жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсетеді. Сонымен қатар, медициналық нысан мүмкіндігі шектеулі жандардың ем алуына, олардың емін-еркін кіріп-шығуына толығымен бейімделген.

–ФАП-қа ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы мен мердігер арасында 14 миллион теңге мөлшерінде келісім-шарт жасалды. Өздерңіз көріп тұрғандай, ғимараттың шатыры, жылу жүйесі толықтай ауыстырылып, септик орнатылды. Іші мен сыртына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қажетті бөлмелерді бөлек-бөлек жасаттық. Мысалы, екпе жасау үшін сәбилерді Сарыкөлге сабылтпай, осы жерден екпе жасау кабинетін аштық. Сонымен қатар басқа да қажетті бөлмелер бар. Штат жеткілікті, тәжірибелі 1 фельдшер мен 1 медбике, 1 жүргізуші мен 1 санитарка жұмыс істейді. Біздің басты мақсатымыз – округ бойынша қолжетімді, сапалы қызмет көрсету, – дейді аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Жандос Асхатұлы.

Руслан ӘЛКЕЕВ

Сарыкөл ауданы

Жаңалықтармен бөлісу