ӘЖЕСІНІҢ ҚЫЗЫ

ӘЖЕСІНІҢ ҚЫЗЫ

Басқа немерелеріндей емес, Бибігүл әжесіне жақын болып өсті. Кішкентайынан әжесінің әңгімесіне үйірсектеп, қасынан бір елі қалмайтын.

Қонаққа барған жерде орындыққа шығып алып, есімін өзі еншілеген Бибігүл Төлегенованың репертуарындағы әндерді бірінен кейін бірін тоқтамай шырқайтын. Әдемі киінуді, әдеппен сөйлеуді де әжесінен үйренді. Сол жақсы әдеттер Бибігүлге өмірлік азық болып келе жатыр. Оған талайдың көзі әбден жетті.

2008 жылы дипломымды қолыма алып, мемлекеттік қызметке қадам бастым. Ішкі саясат басқармасының сол кездегі басшысы Тамара Сәлімқызы Жақыпова өзіне де, өзгеге де жоғары талап қоятын, көрген-түйгені мол басшы еді. Әрбір бөлімге сайдың тасындай мықты мамандарды басшы қылып қойған. Солардың ішінде, декреттік демалыстан жуырда оралған Бибігүл Бүркітқызы білімімен де, ашық жарқын мінезімен де ерекшеленіп тұратын. Басқа әріптестеріндей емес, үздіксіз ізденісте жүреді. Өзінің күнделікті жұмысынан бөлек, жылт еткен жаңалықты қағып алып, мәжілістерде бізге айтып отыратын. Жас мамандарға жол сілтеп, қолынан келген көмегін аямайтын. Басшылық та сол қасиеттерін бағалаған болар, көп ұзамай, басшының орынбасары қызметіне тағайындады.

Оның диплом алған мамандығы – психолог. Ұстазы, белгілі ғалым Лилия Вагановна Саркисянды қостанайлықтар жақсы біледі. Ұстазының атына кір келтірмеген екі мықты маман болса, соның бірі Бибігүл екені сөзсіз. Олай дейтін себебім, Бибігүл Бүркітқызы кәсіби білімін мемлекеттік қызметте кеңінен пайдалана білді. Мемлекеттік қызметке тұрғысы келетін мамандармен әңгімелесу кезінде үміткерлердің қабілеттерін тап басып танып отыратын. Мен де ол кісінің қасында отырып, біраз жағдайларға қанықтым. Әсіресе, адамның сыртқы келбетінен, бет-бейнесінен, қимыл-әрекетінен оның болмысын тануға баулыды.

Кейін басқармаға Жанділдә Қожахметұлы басшылық қызметке келгенде, сыйластығымыз одан әрі беки түсті. «Ұжымның ішінде әртүрлі кикілжің, түсініспеушіліктер болып тұрады, бұл – заңдылық. Бірақ, басшылықта отырған үшеуіміздің ортамызда оған жол жоқ!». Жәкеңнің бұлжытпай ұстанатын осы бір қағидасы көп басшыларға үлгі болуға тиіс деп ойлаймын. Басшылықтың бірлігі ұжымға үлгі ғана емес, жұмыстың жемісті болуының басты кепілі екенін біз анық ұғындық.

Бибігүл Бүркітқызының жұмыстағы қарым-қабілетін қостанайлықтар ішкі саясат басқармасындағы, Қостанай қаласы әкімдігіндегі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясындағы, «AMANAT» партиясындағы қызметінен жақсы танып білді деп есептеймін. Қандай қызметте жүрсе де, ол көпшілікпен тіл табысып, бірлік пен берекенің ұйытқысына айналды. Ал, былайғы өмірде, Бибігүл – жанашыр бауыр, ибалы келін, аяулы жар, ардақты ана. Оған да, қасында жүріп, біраз көзім жетті.

Бірде қайтыс болған жерге көңіл айтып кіріп шықтық. Қайтар жолда көлікті дүкенге бұрғызып, Бибігүл екі үйдің балаларына тәтті алып шықты. «Әжем қайтқан жерден келе жатқанда, үйге жақсы ниетпен оралғанын білдіру үшін, балаларға тәтті алатын», – деді. Содан кейін бұл ырым біздің үйде де дәстүрге айналды.

Рудный қаласында Бибігүлдің нағашысы тұрды. Жасы сексеннен асқан, кезінде комбинатта басшылық қызмет атқарған абыройлы ақсақал болатын. Бибігүл барлық бауырларын ұйымдастырып, араға көп уақыт салмай, нағашысына барып тұратын. «Анамыздың көзі ғой, біз бармасақ, іздеп отырады» дейді…

Тағы бір жолы, солтүстікті бетке алады. Жолдасы Рүстемнің әжесі – Ресейдің қазағы. «Әжемізге шөберелерін апарып, қалын біліп келдік» деп, марқайып отырады келген соң.

Енді бірде, Қарағандыға кетіп бара жатады. «Сол жаққа көшіп, араласпай кеткен туыстарымыз бар, соларды іздеп, барып келуіміз керек», – дейді.

Осыдан 5-6 жыл бұрын хабарласып: «Ереке, Құрбан айт келіп қалды, мал таңдайтын жерге барарда айта қойшы, ағаң екеуміз де барамыз», – деді. Міне, содан бері құрбандық шаларда, бірге барамыз. Ата-анасына еріп, ұлы Алдияр да келеді. Әкесі мал сойғызып жүргенде, анасы Алдиярға құрбандық шалудың мәнін айтып, ескіден қалған есті сөздерді құлағына құйып отырады…

Осының бәрі – қазақтың салтын ұстанған, әженің өнегесін көрген өркенді адамның тірлігі емес пе?!

Бір қызығы, әжесі немерелерінің қадамына қара түсті жолатпай, аяқ киімнің де ашық түстісін алып береді екен. Бибігүл Бүркітқызы әлі күнге дейін, реті келсе, қара түсті аяқ киім алмауға тырысады. Бұл – биік талғамның ғана емес, әжеден алған терең тәрбиенің белгісі іспетті. «Балаларымның жолы ақ, ашық болсын, қадамдары сәтті болсын» деген әжелік ақ пейілден туындаған тәмсіл болса керек.

Жуырда ел жақтан «Бибігүл Аққожина «ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына үміткер болып жатыр» деген хабар келді. Неге екенін білмеймін, әжесінің ашық түсті аяқ киім кигізетін ырымы бірден ойыма оралды. Бәлкім, «өмір жолындағы осы қадамы да құтты болса екен» деген ақ адал пейілден туған ой болар.

Бибігүл Бүркітқызы өзінің «Парасатты қоғам – болашаққа қадам» атты бағдарламасында негізгі бес бағыттың бірін тәрбиеге, тарих пен рухани құндылықтарды сақтауға, үздік дәстүрлерді насихаттауға арнапты. Бұны да сол әжеден алған өнегесімен сабақтастырсақ артық болмас.

Ерлан ҚАЛМАҚОВ

Астана

Республикалық бюджет қаражатынан төленді

Жаңалықтармен бөлісу