Назымбектің ізбасарлары он бес жылда құрлыққа мәшһүр болды

Назымбектің ізбасарлары он бес жылда құрлыққа мәшһүр болды

Н. Молдахметов атындағы қазақ халық аспаптар оркестріне 15 жыл толуына орай «Тобыл-Торғай толғауы» атты концерт ұйымдастырылды. Оған Қырғызстан, Башқұртстан, Өзбекстан елдерінен келген өнер майталмандары қатысты.

Аталмыш оркестр 2008 жылы құрылған. Содан бүгінге дейін өңір өнерінің биікке өрлеуі үшін қалтқысыз қызмет етіп келеді. Дүбірлі додалар мен байқаулар да алдыңғы қатарлы олжаны еншіледі. Оркестр қазір ұлт руханиятының дамуы үшін тер төгуде.

            – Осыдан 15 жыл бұрын марқұм Назымбек Молдахметов бауырымыз осы қазақ халық ұлт аспаптар оркестрін құрған еді. Содан бері мінекей үздіксіз жұмыс істеп келеміз. Он бес жыл ішінде талай конкурстың лауреаты болдық. Айтап айтқанда, Ресей Республикасындағы Магнитогорск қаласында өткен байқаудың гран-при иегеріміз. Сонымен  қатар Ақтөбе қаласындағы «Жұбанов көктемі» атты республикалық конкурста үшінші жүлделі орын, бір-екі рет«Серпер» фестиваліне қатыстық. Бүгін әр түрлі жанр да 19 шығарма орындадық. Оның ішінде халық ән-күйлерінен бөлек, классикалық және замануи шығармалар да бар, – дейді Н. Молдахметов атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі Батырбек Байназаров.

Концерттік бағдарлама да көршілес Башқұртстаннан «Дэрт», Қырғызстаннан «Күү булак», Өзбекстаннан Тараннум» ансамблдері өнер көрсетті. «Күү булак» ансамблінің жетекшісі Дастан Биримкуловтың айтуынша, қазақ оркестрдің шығармашылық кеші ерекше әсер қалдырған.

            – Біз Бишкек шаһарынан бес адам келдік. Концерт өте жақсы өтті. Барлығы ерекше ұнады. Ауа райының қолайсыздығын ұмытып кеттік деуге болады. Сахнада қостанайлық оркестрмен бірге өнер көрсеттік. Қырғызстанның белгілі қомузшысы Атай Огонбаевтың «Маш ботой» күүсуын орындадық. Ансамбліміздің мүшелері және қазақ домбырашыларымен күй тартысқа шықтық. Әрбір өлкеден ең мықты деген музыканттар келді. Олармен де шығармашылық жағынан пікірлесіп, тәжірбие алмастық, – дейді Дастан.

Соңғы уақытта жастардың ұлттық өнерге деген ықыластары ерекше артқан. Халық аспаптары оркестрінің кешіне келген жас буынның қарасы басым. Солардың бірі бірінші курс студенті Наргиз Еркінқызы.

            – «Тобыл-Торғай толғауы» атты концерт маған өте қатты ұнады. Әсіресе түркі тілдес халықтармен қазақ өнерпаздарының көрсеткен өнерлері өзгеше әсер берді. Қазір бізде қысқы емтиханның жақындаған уақыты болғаннан кейін шаршап жүрміз. Дегемен де арнайы уақыт тауып осы концертке барғаныма қуаныштымын. Рухани демалыс сыйлады, – дейді Наргиз.

Бейбіт НҰРМҰХАНОВ

Суреттерді түсірген автор

Жаңалықтармен бөлісу