Қазіргі таңда заман талабына сай, мектеп қабырғасында зияткерлік ойындарды дамыту өзекті мәселе. Зияткерлік ойын – ой шығармашылығын дамытатын спорт түрі. Бүгінгі оқушының зерттеушілік дағдысы, жеке тұлғаның біліктілік қасиеттері осындай ойындар арқылы шыңдала түседі..
Тарқатып айтсам, тоғызқұмалақ әлемдік интеллектуалдық ойындардың озық үлгілерімен бой теңестіре алатын зияткерлік ойын, логикалық ойлау өнері. Бұл өнердің басты қасиеті – адам санасын жетілдіруге ерекше күш салады. Тоғызқұмалақ – оқушылардың ой-өрісін, сана-сезімін дамытып, адалдық, шынайылық, адамгершілік т.б. ұлттық құндылықтарды бойына ұялатады. Осы орайда биылғы жылдан бастап бағдарламада қосымша білім беру саласы бойынша «Тоғызқұмалақ» атты үйірме ашып, шәкірттерімді осы ойынды меңгерту арқылы, ұстамдылыққа, төзімділікке, жігер-намысты шыңдауға, еңбектенуге тәрбиелеу үстіндемін. Мерейлі мақсатым – оқушыларға Тоғызқұмалақ ойынын ережеге сәйкес тиімді әдіс-тәсілдерін үйрету және сол арқылы ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру.
Өзіме жүктеп алған міндеттерді орындау аясында алғашқы сабақтарда ойынның шығу тарихымен таныстырып, оқушылардың ойынға деген қызығушылықтарын ояту және ойын барысында ережелерімен ауызша таныстыру мен қоса жазып ойнау үлгілерін үйрете бастадым. Ойын барысында әр түрлі әдіс – тәсілдерді қолданған тиімді, мәселен, іштен тез санап тез есептеу, жүрісті есептеу, тұздық ашу әдістері оны өзіне көбірек пайда түсетін отаудан ашу және сонымен қоса атсырау ережелерін үйрету дағдыма айналды. Сабақ барысында осы ережелерді оқушылардың дұрыс пайдалануын жіті бақылау нәтижесінде ойыншылардың ойнау және ойлау қабілеттерін бағалап, назарда ұстаймын. Үйірме барысында жұппен ойын кезінде қарсыласына шабуыл жасауды, тұздық ашуды және атсырауға түсіру түрлерін үйреніп келеді. Нәтижесі жаман емес. Бүгінде шәкірттерімді жан-жақты сапалы дайындап, қалалық, облыстық деңгейде ең мықты ойыншы ретінде танылуына тынымсыз еңбек ету үстіндемін. Иә, жаңа заман баласының ақпараттық технологияға қызығушылығы басым. Осы тұста өзімнің тәжірибемде Тоғызқұмалақ ойынын компьютер арқылы ойнатуды қолға алдым. Ұтымдысы математикалық төрт амалды тез үйренсе, ойнай отырып ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді. Қорытындылай келе, тағылымы мол ұлттық ойынды дәріптей берейік дегім келеді.
Маржан Ибраева,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.
Рудный қаласы