Қостанай ауданының Заречный ауылында «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында жаңа білім ошағы салынып жатыр. Аталған елді мекенде соңғы жылдары оқушылар саны күрт өсіп, сыйымдылық мәселесі күрделілене түскен еді. Құрылысы қарқынмен басталған мектеп осы түйткілдің түйінін шешуге себесін болмақ.
Заречный кенті – тәуелсіздік жылдарынан бері қарай даму даңғылына түсіп, қанатын кеңге жайған, ырысы шалқып, берекесі тасыған елді мекендердің бірі. Облыс орталығының іргесінде жанбауырласып жатқан, Тобылдың арғы бетіндегі осы ауылға көш құйылып, ауқымы кеңейіп, бүгінде тұрғыны молая түскен. Қазір, округке қарасты өзге ауылдарды қоспағанда, Заречныйдың өзінде он мыңнан астам халық бар. Жаңа шағын аудандар бой түзеп, тұрғын үйлер көптеп салынып жатқанын ескерсек, тұрғындар санының әлі де арта берері күмәнсіз.
«Северный» шағын ауданында 270 тұрғын үй бағдарламамен салынып, пайдалануға берілді. Биыл да кезекте тұрған адамдарға жер телімдері берілді. Коммерциялық 14 баспана тұрғызылып, оның 13-не отбасылар көшіп келіп, тұрып жатыр. Жеке тұрғын үйлер әлі де салыну үстінде. Осыған сай лайықты инфрақұрылым, сайлы жұмыс орындары, жайлы мектеп-балабақшалар да көбеюі қажет. «Мектеп бола ма?» деген сұрақ тұрғындар тарапынан ұдайы қойылатын сауалдардың біріне айналғалы қашан», – дейді Заречный ауылдық округінің әкімі Нұрғиса Исмағамбетов.
Расымен де, қазір әуелгі кезекте, жергілікті жұрттың сұранысына орай, жаңа мектеп салудың маңызы зор болып отыр. Өйткені оқушылар саны жыл санап артып, ауылдағы екі білім ошағының сыйымдылығы азайып барады. Қос ғимараттың кабинеттерінің бір де біреуі бос емес. Оқушылар тығыздығы шамадан асып кеткен.
«Олардың бірі – қазақ және орыс тілінде білім беретін мектеп-лицей. 450 оқушыға шақталған бұл ғимаратта қазір 850 бала оқып жатыр. Ал екіншісі – мемлекеттік тілдегі мектеп. Бұл ғимарат әуел баста 300 балаға арналып салынған. Бірақ бүгінде мұнда екі ауысымды қоса есептегенде 800 бала оқиды. Осы жағдайды 2020 жылы көтердік. Сараптама жасап, аудан әкімдігіне жаңа мектеп салу жөнінде хат жолдадық. Ол ұсыныс облыс билігіне жеткізілді. Одан әрі республикалық деңгейде қаралып, мақұлдаудан өтті. Мәселенің шешімін тапқалы отырғанына қуаныштымыз!» – дейді әкім.
Сонымен, ел тілегі қабыл болып, кентте 900 оқушыға шақталған үш қабатты мектептің іргетасы төселді. «Samruk Kazyna Construktion» акционерлік компаниясының тапсырысымен салынып жатқан нысан құрылысы осыдан төрт ай бұрын, тамыз айында басталды. Бас мердігер – «Asti group» құрылыс компаниясы. Жоспар бойынша, мектеп 2024 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілмек.
«Құрылыс қарқынмен басталды. Мектеп қазығы қағылған жер өте ыңғайлы. «Арғымақ» атшабары маңында орналасқан. Қазір көше жарығын өткізіп, автобус маршруттарын белгілеп, қасынан мұғалімдерге арналған автотұрақ орнын даярлап жатырмыз. Ал енді, әлгінде айтқанымдай, мектепті баламен толтыру жағынан еш қам жемейміз. Оның үстіне, Заречный қалаға жақын орналасқандықтан, кадр тұрғысынан да мәселе жоқ. Қазірдің өзінде бізге келіп жатқан мұғалімдер бар», – деп отыр Нұрғиса Мылтықбайұлы.
Ауылдық округ әкімінің айтуынша, бағдарлама бойынша, мектеп мемлекеттік тілде білім беруге арналған. Алайда кенттегі мектеп-лицейде орыс тілінде оқып жатқан балалар да бар. Сондай оқушылардың ата-аналары да «жаңа мектепте оқығымыз келеді, мемлекеттік тілде ғана оқытады деп естідік, орыс тілі болмас па екен?» деп сұрап жатқан көрінеді. Ауыл әкімінің айтуынша, бұл кісілердің тілегі қабыл бола ма, жоқ па, ол жағы мектеп салынып, пайдалануға берілгеннен кейін білім бөлімінің арнайы сараптама жүргізуі арқылы анықтауы мүмкін.
Қазір, қыстың қақаған суығына қарамастан, құрылыс тоқтаусыз жүріп жатыр. Әзірге жұмысшылар бастапқы кезеңде. Іргетасын қалау шаруасы аяқталуға жақын қалған. Мектеп құрылысын жергілікті және өзге өңірден келген қосалқы мердігерлер бірлесе жүргізу үстінде. Олардың 70 пайызға жуығы – сырттікі. Барлық бригада – лицензиялы, құрылыс саласында тәжірибесі зор ұйымдар. Ал бас мердігер «Asti group» құрылыс компаниясының жөні мүлдем бөлек.
«Нарықта өзіндік орны бар «Asti group» компаниясының құрылыс саласындағы қызметіне жиырма жылдан астам уақыт болды. Компания Астана қаласынан келіп отыр. Елордада көптеген балабақша, мектеп және тұрғын үй кешендерін салдық. Солардың ішінде мектеп тұрғызу жөнінен алдыңғы қатардағы ұйымдардың біріміз деп айта аламын», – деп, әңгімені өздерін таныстырудан бастады аймақтық компания өкілі Серік Нашимов.
Ол құрылыс жұмыстарының кестеге сай жүргізіліп келе жатқанын айтады. Бүгінгі таңда, ең бастысы, жұмыс күші, құрылысшылар жеткілікті және техникалық қамтылым жағы сақадай сай. Әзірге материалдық тұрғыдан ешқандай қолбайлау жоқ.
«Құрылыс материалдары сырттан да әкелініп, жақын жерден де қолданылу үстінде. Астанадан, Алматыдан, сонымен қатар Ресейден тапсырыс бойынша келеді. Бұдан бөлек, жергілікті өнімдер де көбірек пайдаланылып жатқанын айта кетуіміз керек. Нақтырақ айтсақ, материалдардың 70 пайызын қостанайлық кәсіпорындардан аламыз. Айталық, бетон, ФБС, цемент секілді көптеген өнімді алыстан арбалаудың еш қажеті жоқ», – дейді С.Нашимов.
Компания өкілінің сендіруінше, егер құрылыс бригадалары осы қарқыннан жаңылмаса, келер жылы су жаңа мектеп жоба құжатында белгіленген мерзімнен әлдеқайда ертерек пайдалануға берілуі де мүмкін.
Айта кетуіміз керек, облыстық Білім басқармасының мәліметінше, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қостанай облысында 2025 жылға дейін 6 300 оқушыға арналған сегіз мектеп салу көзделген. Нақтысында, Қостанай, Рудный, Арқалық, Тобыл қалаларында, Заречный және Құсмұрын кентінде жаңа білім ошақтары пайда болмақ. Бұл мақсатқа жобамен 37,2 млрд теңге жұмсалуы мүмкін делініп отыр. Бүгінгі таңда ұлттық жоба шеңберінде, Заречныйдан бөлек, Рудный, Арқалық, Қостанай (Береке, Әуежай шағын аудандары) қалаларында мектеп құрылысы жүріп жатыр. Ал Тобыл қаласында және Қостанайдың Қонай шағын ауданында алдағы жылы басталады. Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, қазір Қостанай облысында 2 436 оқушы орны тапшы. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, елдегі бұл мәселе алдағы үш жылда толық шешімін табуға тиіс.
Жандос ЖҮСІПБЕК
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ
Қиынды:
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатыр. Жоба аясында елде 740 мың орындық 369 мектеп ашу жоспарланған. Бұл шара авариялы күйдегі білім беру нысандары мен үш ауысымды оқыту мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 2023-2025 жылдарға арналып 2,4 триллион теңге қарастырылған. 2023 жылы 461 мың орындық 217 мектеп құрылысын бастау көзделген. Олар келесі жылдың аяғына дейін пайдалануға беріледі. Ал 2024 жылы 279 мың орынға арналған 152 мектеп салынып, олар 2025 жылы ашылмақ.