Көлік кілті жауған күн: 115 жаңа техника қызметке дайын

Көлік кілті жауған күн: 115 жаңа техника қызметке дайын

Полицейлерге жаңа 115 қызметтік көліктің кілті табысталды. Іс-шара облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өтті.

Бүгін Полиция департаменті алаңында ішкі істер қызметкерлеріне 70 Chevrolet Cobalt, 34 Kia Cerato, 11 JAC Sunray көліктері табыс етілді. Су жаңа көліктің кілттері халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтін патрульдік полиция және учаскелік инспекторларға берілді. Автокөліктер Қостанай облысының барлық аудандарына таратылатын болады.

Қостанай облысы ПД ЖПҚБ бастығы Мақсұт Ералиевтің айтуынша, жаңа автокөлікпен қызмет ету қылмыстық оқиғалар туралы келіп түскен хабарларға дереу ден қоюға мүмкіндік береді.

“Орта есеппен, күн сайын облыс бойынша қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қорғауға 122 автокөлік патрульдері мен полицияның кешенді күштерінің 172 жаяу нарядтары қатысады. Осы көліктердің арқасында біз облыс орталығындағы жолдарда да, қала сыртындағы трассаларда да нарядтардың тығыздығын арттыра аламыз”,-дейді ол.

Бүгінде патрульдік және учаскелік полиция қызметкерлері жаңа үлгідегі нысанды киімдерді киіп жүр. Сондай-ақ, “Цифрлық полицей” жобасы аясында патрульдік облыстар смарт-телефон негізінде жаңа бейнетіркегіштермен жабдықталған.

 “Қадамдық қолжетімділік” үшін жаңа учаскелік пункттер мен модульдік полиция бекеттері ашылуда. Жаңа модульдік пост келесі аптадан бастап Рудный қаласында жұмыс істей бастайды”, -дейді М.Ералиев.

Айта кету керек, өңірде тұрақты ахуалды сақтау үшін қолданылып жатқан шаралар өз нәтижесін беруде. 2023 жылы өңірде кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, мүлік ұрлау бойынша қылмыстық істер саны азайды.  Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда жақсы нәтиже. Сондай-ақ, мас күйінде, қоғамдық орындарда және көшеде жасалатын қылмыстық істер мен  тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері де аз тіркелген.

Диана БАТЫРБЕК

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу