Торғай даласы облыс орталығынан шалғайда орналасқан, Қостанайдың оңтүстік бөлігінде жатқан жер. Мұнда теміржолдың жоқтығы, қысты күні қалаға қатынау қиындығы, жолдың алыстығы көптен бері айтылып жүр. Соның салдары кейбір кәсіпкерлік бастамалардың іске асуына, инвестициялық жобалардың қарқынды жүргізілуіне қолбайлау болып отырғаны жасырын емес. Түйткілдің түйінін тарқатудың бірден бір жолы − оңтүстік өңірлерге, яғни Аманкелді, Жанкелдин аудандары мен Арқалық қаласына ортақ мамандандырылған индустриялық аймақ құру деп санаймыз.
Амантоғай – жолайрықтағы мекен
Амангелді ауданына қарасты Амантоғай ауылы тоғыз жолдың торабында, күре жолдың бойында орналасқан елді мекен. Арқалық пен Қостанайдан Торғай бағытына тартылған күрежол Амантоғайдың тұсында түйісіп, Аманкелді ауданын басып өтеді. Амантоғайдың арғы жағында Аманкелді, Жанкелдин аудандары, бергі жағында Арқалық, Қостанай менмұңдалайды. Одан қалды Ақтөбе облысымен шектесіп жатқанын да айту керек. Ұлытау облысынан, Ырғыз жақтан келуші жолаушылар Амантоғай арқылы Қостанайға, одан көршілес Ресейге шыға алады. Жолайрықтағы елді мекеннің мұндай мол мүмкіндігін тиімді пайдалансақ жақсы емес пе! Сол себепті, оңтүстік өңірлердегі кәсіпкерлерді қолдау және инвестиция тарту мақсатында Амантоғай ауылында индус
триялық Hub, аймақ құру туралы бастама көтермекпіз. Ол жерде көптеген бағыт, яғни, сан түрлі бизнес бойынша кәсіпорындар ашылса дейміз. Барлық инфрақұрылыммен қамтылған, газ, су құбыры тартылып, жол салынған аймақ болса қандай жақсы. Бұл бастама мемлекет тарапынан қолдау тауып, үкімет индустриялық аймақтың базасын қажетті инфрақұрылыммен жабдықтап берсе ол жерге кәсіпкерлерді тартуға болады.
Бұл орайда «индустриялық аймақ не береді немесе не үшін керек?» деген заңды сауал туындайды. Алдымен, жолдың алыстығы мәселесінің туындауын түбегейлі шешеді. Өйткені, индуст-
риялық аймақ ашылса кәсіпкерлерге түрлі қажеттіліктер үшін 400-500 шақырымда орналасқан облыс орталығына барудың қажеті болмай қалады. Екіншіден, біз ұсынып отырған жоба жалпы оңтүстік өңірлердің әлеуметтікэкономикалық дамуына тың серпін береді. Үшіншіден, ауданға инвестиция тартудың таптырмас жолы. Төртіншіден, Торғай даласының туристік әлеуетін арттыруға жол ашады.
Мұндағы индустриялық аймақ деп отырғанымыз – мемлекет тарапынан инженерліккоммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, инвесторларға өндіріс нысандарын орналастыру және пайдалану үшін берілетін өнеркәсіп алаңы. Инвестициялық преференция десек болады.
Аманкелді – даму әлеуеті зор аудан
Аманкелді ауданының соңғы бес жылдағы дамуы көрсеткіштеріне бір шолу жасайық. Ресми деректер ауданда мал басы көбейіп, егістік алқаптарының аумағы кеңейгенін айғақтайды. Мұнда ауылшаруашылығы бағытындағы егістіктің жалпы аумағы 165,1 мың гектарды алып жатыр. 2018-2022 жылдар аралығында егістік алқабының аумағы 25,7%-ке ұлғайған. Былтырғы жылы 43 129, 4 тонна сүт өнімдері өндірілген. Мал санының артқанын да аңғаруға болады. Ауданда былтыр қой-
ешкі саны 75 721-ге жетсе, 47 154 ірі қара, 23 768 жылқы және 103, 8 мың құс тіркелген. Бұл өте жақсы көрсеткіш.
Өткен бес жылдың ішінде ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің қатары 8,94%-ке өскені байқалады. Бүгінде 573 ШОБ тұрақты түрде жұмыс істеуде. Мал өсіру, егін егу ісімен айналысушылардың саны артқаны қуантарлық жағдай. Алайда, жергілікті шаруалар мен кәсіпкерлерге қолбайлау болып отырған факторлар да бар. Мысалға, оңтүстік өңірлер үшін биылғы астық ору науқаны өте қиынға соқты. Алдымен, ала жаздай жаңбыр жаумай, құрғақшылық шаруа-ларды састырды. Ал, енді орақ науқаны басталған шақта күн райы күрт құбылып, егін жаңбырдың астында қалды. Астық кептіру орнының жоқтығынан диқандар шығынға батты. Ол жақта жиналған өнімді қабылдайтын қамба, элеватор жоқтың қасы. Диқандар астықты Әулиекөлдегі, Арқалық пен Жарқайыңдағы элеваторларға тасуға мәжбүр. Аманкелді мен Әулиекөл аудандарының ара қашықтығын есептей беріңіз.
Жылдан жылға мал басы көбейіп жатқанын айттық. Ауыл шаруалары малды етке өткізгенде салмақ баспайтынын жиі айтады. Сырттан келіп мал алушы алыпсатарлар болса арзан баға ұсынады. Соның салдарынан шаруалардың қысы, жазы баққан еңбегі ақталмайды. Болашақта жергілікті тұрғындар ортақ бағаны белгілеп, алыпсатарларға соны ұсынса дейміз. Ол жақта мал тек қана жайылымдық шөппен қоректенеді. Малды бордақылау үшін жем-шөп дайындайтын зауыт жоқ. Мәселені шешу үшін индустриялық аймақ базасында жем-шөп дайындайтын зауыт салуға болады.
Торғай туризмі тасада қалмасын
Торғай даласы туризм мен балық, аң шаруашылығын дамытуға қолайлы жер. Торғай өңірі – тұнып тұрған тарих. Торғай геоглифтерінің өзі турист тарту үшін таптырмас құбылыс. Өкінішке қарай, өңірде инфрақұрылымның дамымағандығы туризмнің еркін қанат жаюына кедергі келтіруде. Ол жақта сырттан келген туристер тұрақтайтын қарапайым ғана қонақ үй, тамақтанатын жер тапшы. Индустриялық аймақта қонақ үй, тамақтану орны сияқты қажетті нысандар салынып, барлық инфрақұрылым тартылса сырттан келуші меймандардың қатары көбейер еді. Бизнеске қолайлы жағдай жасалса кәсіпкерлер де қаражаттарын салып, қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік туады.
Биыл күзгі дала жұмыстарына орай шаруаларға жеңілдетілген бағамен дизель отыны берілді. Оны алу үшін оңтүстік өңірдің диқандары төрт жүзбес жүз шақырым жол жүріп облыс орталығына келді. Шаруалардың бәрінде бірдей мұндай мүмкіндік жоқ. Кейбірі жолдың алыстығынан үкімет ұсынған жеңілдіктен құр қалды. Осы жәйтті ескере келе Амантоғайда жанар-жағар май сақтайтын қойма ашылғанын да қалаймыз.
Индустриялық аймақта көкөніс сақтау қоймасы салынса нұр үстіне нұр. Мұндай қойма жергілікті жердегі бағаны тұрақтандыруға, бір қалыпты ұстап тұруға жол ашады. Осындай жағдай жасалса халық та ешқайда көшіп кетпейді. Алыс ауылдардағы тұрғын санын ұстап тұруға да мүмкін туады. Ауылдарды көркейту үшін алдымен халыққа, қарапайым шаруаларға қолдау жасау керек деп есептеймін. Халықтың өмір сүруіне, тұрмыс-тіршілігіне қолайлы жағдай жасалса даму да болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдың 1қыркүйегіндегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл
шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз» деді. Ендеше ауыл шаруашылығын қолдау жұмыстары күн тәртібінен түспеуі тиіс. Біз ұсынып отырған индустриялық аймақ құру туралы бастама оңтүстік аудандардағы тікелей аграрлық саланы ынталандыруға арналған. Аманкелді, Жанкелдин аудандарының ауыл шаруашылығы әлеуеті әлдеқайда жоғары. Сол мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланып, оңтүстік өңірдегі инвестициялық жобалардың табысты іске асуына жағдай жасауымыз керек. Еліміз дамысын десек, ауылға көңіл бөлгеніміз әбден орынды деп санаймын.
Нұрбол БАЙЗИРОВ,
Қостанай облыстық мәслихатының депутаты