Қандастардың балалары екі тоқсан бойы мектепке бармай жүр

Қандастардың балалары екі тоқсан бойы мектепке бармай жүр

Қостанай өңіріне биыл жыл басынан бері көшіп келген қандастардың саны 900-ден асты. Соның басым бөлігін құрайтын Өзбекстаннан, Ресейден келгендерді айтпағанда, Түркменстаннан келген ағайындар да аз емес. Айтпақшы, атамекенге оралған сырттағы қазақтарға еліміздің жұмыс қолына зәру солтүстік және шығыс өңірлеріндегі алты облыста квота беріледі. Алдымен қандас мәртебесін, соған сәйкесті қандастар өңірлік квота бойынша жеңілдіктер, қаржылай қолдау алады. Түркменстаннан биыл Қостанай облысына көшіп келген ағайындар қандас мәртебесін алып, осында тіркелген соң, әлгі берілетін барлық жеңілдіктерден бастартып, Маңғыстауға кеткен. Бүкіл тіркелген құжаты Қостанай өңірінде, ал өздері Маңғыстау облысында тұрып жатыр. Атамекен дегенмен, мемлекеттің заңын, саясатын сыйлау керек еді. Қандас ағайындардың әйтеуір Қостанайда қалмау үшін балаларын мектепке бермегені ақылға сыймайтын мәселе. Міне, биылғы оқу жылының екінші тоқсаны да бір жарым айдан кейін аяқталады. Ал қандастардың балалары әлі мектеп табалдырығын көрмеген.
Атамекенге Түркменстаннан қоныс аударған қандастардың бірі Тойлығұл Машрыков жақында Рудный қалалық білім бөліміне «11 сынып оқитын ұлымды бірер аптаға мектепке алып, Маңғыстау облысының өзім тұрып жатқан Мұнайлы ауданы, Батыр аулындағы мектепке ауыстыру туралы анықтама жазып беріңіз» деген өтінішпен барған. Бірақ оқушы Рудный мектептерінде осы уақытқа дейін оқымағандықтан, ол анықтама берілген жоқ. Қандасымыз осы мәселемен «Отандастар» қорының облыстық фронт-кеңсесіне хабарласқан соң, біз Қостанай облыстық білім басқармасының мамандарымен кеңестік. Олар қандас бала ата-анасы қайда тұрса, сол жердегі білім ошақтарында білім алуы қажет деген уәж айтты.
«Отандастар» қорының Қостанай облыстық фронт-кеңсесі сарапшысы ретінде осы мәселе туралы Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшылығына жолдаған хатымызға әлі жауап келген жоқ. Онда еліміздің «Білім туралы» заңы 26-бабының 4 тармақшасына сүйендік. Түркменстаннан қоныс аударып, тіркеусіз Маңғыстауда тұратын қандастардың айтуынша, оқуын атамекенде жалғастырмаған бала көп дейді, олардың пропискасы жоқ болғандықтан мектептер қабылдамаған. Көпшілігі мектепке құжаттары тіркелмей, тек сабаққа қатысып келетін көрінеді. Бұл қандай заң? «Отандастар» қорының Қостанайдағы фронт кеңсесіне үш күнде оқу жылы басталғалы мектепке бармаған бес бала белгілі болды. Олардың барлығы да түркмен немесе орыс мектептерінде оқыған. Оқу жылының жартысы өткенде олар қазақ мектебінің бағдарламасын қалай игереді? Бұл енді екінші мәселе дейік. Сонымен қандас балалар мектепке бара ма, жоқ па?

Нәзира Жәрімбетова,

журналист,

«Отандастар» қоры» КеАҚ қызметкері

Жаңалықтармен бөлісу