Денисов ауданындағы ауыл көшелерінің сапасыз жөнделгеніне  тұрғындар наразылық білдіріп жатыр

Денисов ауданындағы ауыл көшелерінің сапасыз жөнделгеніне тұрғындар наразылық білдіріп жатыр

Денисов ауданының Крымский ауылының тұрғындары орталық көшелердің жуырдағы жөндеу жұмыстарын жауапсыз қалдырған мердігерлердің ісіне шағымдануда. Осы жайында аудан орталығынан savage_genotype атты оқырман бейнекөрініс жариялап, “Қостанай таңы” газетінің инстаграм парақшасына шықты.

Бұл мәселеге байланысты жергілікті аудан әкімдігіне хабарластық. Денисов ауданы әкімінің орынбасары Е.Поделоның берген жауабына сәйкес, “Ауыл – Ел бесігі” бағдарламасы бойынша ауданда екі жоба қолға алынды. Соның біреуі осы Крымский ауылында. Мердігері – “Қамысты грант” ЖШС. Жоба құны – 49, 9 млн теңге.

“Құрылыс қазан айының соңында аяқталу керек болған. Жауапкершілікті мойынына алған мердігер әуелде келісілген кестені бұзып отыр”, – деп жазды аудан әкімінің орынбасары жауап хатында.

Тапсырылған Целинный көшесінің жолы жамау-жамау болғаны былай тұрсын, ол жердегі қауіпсіздік ережелері де сақталмаған. Осылай қала берген күнде тұрғындар өміріне қауіп төнуі мүмкін. Ал “Орда строй-2019” ЖШС жауапкершілігіне алған Комсомол көшесінің кеше төселген асфальті үгітіліп жатыр. Жол жиектері талапқа сай емес. Мердігері жұмысын шала-пұла аяқтап, бөлінген 52, 4 млн теңгені толық игермеген. Әкім орынбасары екі жобаның иесіне де жұмыс аяқталмай тұрып, келісім бойынша 30 пайыздан аванс берілгенін жазып отыр. Қанағаттанарлықсыз істі әкімдік сотқа беруге әзірленуде. Әуелі жұмыс сапасы зертханалық тексерістен өткізіліп, барлық іс толық дәйектемелермен сот қарауына кетеді. Мердігерге төленбеген қалған сома – 18 млн 127 мың теңге.

Жаңалықтармен бөлісу