Құбырдан ба, жаңбырдан ба?

Құбырдан ба, жаңбырдан ба?

Үйімізді су алып кетті. «Қостанай-2» шағын ауданы Спартак көшесінің тұрғындары осындай шағым айтты. Ол қайдан келген су? Қазір нендей амал жасалып жатыр?

Кейбір тұрғындардың айтуынша, бұндай жағдай екі жыл бұрын болған. Бірақ ол кезде қарғын су әуреге салған екен. Бұл жолғы болжамы – жер астындағы құбырдың жарылуы.

«Жаңбыр жауған жоқ, қалың қар еріген жоқ, бұл қайдан келген су? Үйдің маңында құбыр жөндеушілер жұмыс істеп жатқан, солар желіні зақымдап алды ма деп топшылаймын. Олар жерді бес метр терең қазып тастады. Жағалай қоңырау шалдым. Бірақ әлі бір рет те көмек келмеді», – дейді Спартак көшесінің тұрғыны Әсия әжей.

Ал Владимирге қала әкімдігі көмекке келген. Үйінен бір емес, бірнеше көлік су сорылған.

«Жерқойманың ішіне су толып кетіп еді. Төрт-бес көлікпен сорып тастады. Бүгін әкімдіктен мамандар келіп, бәрін көрді. Бір амалын қарастырамыз деп отыр. Мұндай жағдай көктемде ғана болатын. Мен де су құбыры жарылып кетті ме деп ойлаймын. Құбыр желісін бірнеше рет қазған, содан болуы әбден мүмкін», – дейді Владимир.

Спартак көшесінде кешелі бері су сорушы көліктер қызу жұмыс жүргізіп жатқанын көрдік. Өзін Сергей деп таныстырған жұмысшы оқиға орнында өткен сенбіден бері жүргенін айтты. Оның да өз болжамы бар.

«Бәріңізге белгілі, «Қостанай-2» шағын ауданы балшықты жерде орналасқан. Меніңше, су жердің астынан шыққан ағынды су. Қазір үйлерге кіріп кеткен суды техникалардың көмегімен сорып алып жатырмыз», – дейді Сергей.

Қала әкімдігінің маманы құбыр жарылған деген сөзді жоққа шығарды.

«Үш рет сараптама жасатып, мұнда ешқандай құбыр тесілгенменін, судың жердің астынан шығып жатқанын білдік. Жаңбырдан жиналған болуы мүмкін. Тұрғындармен күнделікті сөйлесіп тұрамыз, жұмыс жалғасып жатыр», – дейді Қостанай қаласы әкімдігінің төтенше жағдайлар және азаматтық қорғау бөлімінің басшысы Ерлан Кинебаев.

Оқиға орнында арнайы штаб ұйымдастырылған, онда «Қостанай-Су» мекемесінен, төтенше жағдай жөніндегі мамандар және шағын ауданның басқарушысы бар. Жұмысқа 7 техника жұмылдырылып, 12 адам жұмыс істеді.

Аружан АСҚАРҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жаңалықтармен бөлісу