Әрбір адам болашағының бақытты, келешегінің кемел болуы үшін сапалы білім мен тәлім-тәрбие беріп, тәуелсіз еліміздің болашағы – өскелең ұрпақты бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуде мұғалімнің орны ерекше.
Өйткені, адам бойындағы ең асыл қасиеттерді жас ұрпақтың санасына дарытатын ұстаздар қауымы. 2023 жылдың 16 қарашасында Қостанай ауданы «Жданов жалпы білім беретін мектебі» КММ-де ардагер ұстаздарды дәріптеп, құрметтеу мақсатында мектеп ғимаратында «Қорғау» кәсіподақ ұйымының жетекшісі Бағдаулет А әріптесімнің ұйымдастыруымен «Үлкендер жолы ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» тақырыбында ардагер ұстаздармен кездесу кеші өтті. Ұстаздар, мектеп өмірін сағынып қалғандары соншалық бір-бірімен, әріптестермен, сүйікті оқушыларымен қуанып кездесті, мектеп әкімшілігі, «Қорғау» кәсіподақ ұйымының ұстаздар қауымы, оқушылар ардагер ұстаздарымызды есіктен төрге дейін құшақ жая қарсы алды. Мектеп директоры Садықова Әсел Асылханқызы ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, білім беру саласында аянбай еңбек еткендері үшін сала ардагерлеріне ерекше сый-сияпат көрсетіліп, төрден орын ұсынылып, гүл шоқтарын табыстап, ардагер –ұстаздарды Қазақстан Республикасының Білім Министрінің құрмет грамотасымен марапаттады. Тағылымды ұстаздар тәлім-тәрбиесі мен ұлағат тұнығынан сусындаған сан буын шәкірттер, ізгі пейілді достар мен жора-жолдастар, әріптестер мен замандастар бас қосып, қадірлі ұстаздарға сый-құрмет көрсетілді. Бір-бірімен замандас, әріптес болған ардагерлер әңгімелесіп, өткен шақтарын еске алып, кейінгі жас ұстаздарға өздерінің еңбек жолдарынан үлгі боларлықтай естеліктер, тілектер айтып бір жасап қалды. Әріптестер әзілі, дос-жолдастар мен игі жақсылардың жарасымды әрі жүрекжарды әңгімесі әрі қарай өрбіп, ақ пейіл мен толассыз лебіз тербелген керемет күй орнады.
Іс-шара кездесу кеші сипатында өтті. Ұйымдастырушылар: мектеп ұжымының ұстаздары, жауапты ұстаздар: «Қорғау» кәсіподақ ұйымының жетекшісі Бағдаулет А, және де ұстаздар қауымынан Алиева М.С, Нуржанова Д.С, Ермуханова Т.А, Сартонова Б.Қ, Фатхутдинова Қ.Ә. Іс-шарада ардагер ұстаздар тобы және жас маман тобы болып, білім алаңында, шаршы топта сөз, ой жарыстырды. Осы іс-шараны өткізудегі басты мақсат: Мектеп тарихымен, зейнеткер ұстаздардың еңбек жолымен таныстыра отырып, олар туралы мол мағлұмат беру, оқушыларды ұстазды құрметтеуге, сыйлауға үйрету. Ұстаз мамандығының қырымен сырларын түсіндіру, ұстаз еңбегін әрқашан бағалай білуге тәрбиелеу. Жас мамандарға, аға буын ардагер ұстаздардан алатын тәрбие-тәлімнің маңызы зор екенін жас ұрпаққа ұғындыру болды.
«Ұстазды алтын діңгекке балар едім» — деп, ұлы ағартушы Ы.Алтынсарин айтқандай, ұстаздық – тарихтағы ең ұлы істің бірі. Шындығында, мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанымен, ұлағатты ұстаз мәртебесі кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін бақ.
Білім беру кеңістігінде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері кәсіби ұстаздар жетерлік. Алғашқы еңбек жолын ұстаздық сара жолдан бастаған, ел ертеңі болып табылатын жас жеткіншектердің бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда зор үлес қосқан салмақты, сыпайы, тапқыр, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін, қазақтың талай баласын білім нәрімен сусындатқан-білікті тәжірибелі ұстаздар-математика пәні мұғалімдері Оспан Б.С, Никоненко С.В, бастауыш сынып пәні мұғалімі, Төлегенова Ж.Х, Приходько Н.И, тәрбиеші Верещагина В, тарих пәнінің мұғалімі Лой Г.И, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Кәрімбаева Г.У, тех-физ Непочатых В.В, биология-география Мырзахметова Ы.М, Сурова О.Ю-технология пәнінің мұғалімі, бастауыш Ербосынова Г.М, орыс тілі пәні мұғалімі- Молдасалықова Г.С, Молдасалықов К.Б – алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі, химия пәнінің мұғалімі – Ғ.К Аманбаева сынды ұстаздарымыз мақтауға тұрарлық.
Ардагер ұстаздарымыздың қай-қайсысын алатын болсақ, сан мыңдаған шәкірттер мен жас мамандарды тәрбиелеуде өз бақытын еңбектен тапқан ұлағатты ұстаздар. Атап айтар болсақ, Молдасалықов Қайырғали Боженович –Алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі болып, көп жылдар бойы осы мектепте қызмет еткен. Мектептегі басқару ісінде де, қатардағы мұғалім болып та мұғалімдер арасында жолдастық, ағалық, әкелік қамқорлығы мол, шебер ұйымдастырушы, жан-жақты жетілген білгір,әдісқой маман ретінде ұжымы мен ата-ана,ауыл еңбеккерлері арасында үлкен беделге,сый-құрметке ие болған ұстаз. Бүкіл өмір бойы қоғамдық жұмыстарды да арқалап өткен, елінің тыныс-тіршілігімен бірге тыныстаған, ажарына ажар қосқан,елжанды ер болып танылған, нағыз азамат атанған қазіргі таңда қадірменді ақсақал. Қайырғали атамыздың еңбегінің нәтижесі ретінде қаншама алған алғыс хаттарымен, құрмет ордендері, ҚР Білім министрінен бірнеше мәрте алғыс хат алғанын қарастыратын болсақ, ұстаз еңбегінің еш кетпегенінің көрінісі.
Молдасалықова Гүлбике Сәбитқызы – орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, алғашқы еңбек жолын ұстаздық сара жолдан бастаған, еліміздің дамуына зор үлес қосқан, білім саласында көп жылдар бойы тынбай еңбек еткен білікті, тәжірибелі –ұстаз. Сондай-ақ, еңбек жолын Наурызым аудандық білім бөлімінің басшысы, Қостанай ауданы білім бөлімінде әдістемелік бөлімнің басшысы, соңғы зейнетке дейінгі 10 жылдан астам уақытта Жданов жалпы білім беретін мектепте қызмет етіп, осы жерден зейнетке шықты. Елімнің болашағы деп үміттенетін бүгінгі жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп, еңбексүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеп, білімі мен өнегесін шәкірттеріне арнап, бойындағы бар күш-жігерін шәкірт тәрбиелеуге жұмсайды.
Мырзахметова Ырсалды Маратқызы – Жданов жалпы білім беретін мектебінде биология мен география пәнінің мұғалімі болып, алғаш қазақ сыныптары ашылған 2006 жылдардан бастап 2015 жылға дейін қызмет атқарып, осы жерден зейнетке шыққан. Рсалды Маратовна – еңбек жолын ұстаздық деп аталатын сара жолда көп жылдар бойы қызмет атқарып, білімі жоғары, бірінші санатты мұғалім. Жалпы еңбек өтілі -36 жыл.Ол еңбек жолында талай жетістіктерге жетіп, аудандық, облыстық сайыстарға қатысып, аудандық іс-шараларға белсене араласып, аудандық ұстаздар тобынан құралған арнайы топта белсенді болып, шығармашылық топта жұмыс жасап, өз алдына көзге түсіп жүретін ізденімпаз ұстаздардың бірі.
Кәрімбаева Ғалия Оразжанқызы – көп жылдар бойы ұстаздық еңбек саласында, Жданов жалпы білім беретін мектебінде орыс сыныптарына қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, бірнеше жыл әлеуметтік педагог қызметін атқарып, зейнетке дейінгі соңғы жылдарында орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде адал қызмет атқарып келді.Сонымен қатар, әлі күнге шейін мектептегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Галия апай адамгершілік, сыйластық деген ұғымдарды бірінші орынға қояды. Ұжыммен тіл табысқыш, ибалы, кішіпейіл, қарапайым ұстаз. Білімін үнемі жетілдіріп отыратын, білім мен тәрбиені ұштастырған ұстаз ғана емес, аяулы ана, үлгілі әже.
Төлегенова Жұмаш Хамитқызы – бастауыш сынып мұғалімі, өз пәнін оқытуда шығармашылық ізденісімен жұмыс атқарып жүрген ұстаздардың бірі. Осы мектепте 15 жылдай жұмыс жасай жүріп, өз мамандығын сүйе білген, оқушылар жанынан орын таба білген, ата-аналар мен әріптестерінің алғысына бөленіп жүрген білімді, білікті ұстаз. Оқушыларды сауатты жазуға үйрете отырып, олардың есте сақтау қабілетін, тілін дамытып, өзара түсіне білуге, еркін сөйлеп, ойын ашық жеткізуге үйреткен талапшыл, шығармашылығы шыңдалған ұстаз- жаңа оқу тәрбие әдістерінен хабардар болып қана қоймай оны шығармашылықпен қолдана біліп, өзінің іс-тәжірибесінде зейнетке шықсада, қазіргі таңда Қостанай қаласында бүлдіршіндерге тәлім-тәрбие беріп қана қоймай, шәкірттері жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Оқушылары бірнеше рет олимпиадалардан жүлделі орындар мен алғыс хаттар иеленген. Білімі мен өнегесін кішкене бүлдіршіндерге арнап, бойындағы бар күш-жігерін шәкірт тәрбиелеуге жұмсайды. Қазіргі таңда, Жұмаш апай қалада 24 гимназияда жұмыс жасайды. Қазақ елінің «Үздік ұстазы» деген медалі бар.Оқушылары талай аудандық,облыстық олимпиадалардан жүлделі орын алған. Қазіргі таңда аяулы әже.
Аманбаева Ғалия Кеңесбайқызы – химия пәнінің мұғалімі. Галия апай Жданов жалпы білім беретін мектепте 2005 жылдардан бері жұмыс жасап келеді, қазіргі таңда зейнетке шыққан қадірменді ардагер ұстаз болса да, шәкірттерін білім нәрімен сусындатудан шаршамай, талмай, өз еңбек жолында адал қызмет етіп келеді. Мектепте өз бойындағы еңбекқорлығымен, білім беруге деген адалдығымен, жаңашылдығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен, жауапкершілігімен ерекшеленеді. Өз ісіне ұқыпты. Оқушылары бірнеше рет олимпиадалардан жүлделі орындар мен алғыс хаттар иеленген.Оқушылар, ата-аналар, құрбы-құрдастар, ауылдастар арасында беделді, пікірі салмақты. Әріптестеріне, әсіресе жас мамандарға көмегін аямайды. Білім көрсеткіштері пәні бойынша жоғары, әріптестерінің, замандастарының ортасында үлкен беделге ие-ізденісі мол, шығармашыл, көреген ұстаз.
Лой Галина Ивановна – тарих пәнінің мұғалімі, осы ауылдың тумасы, жалпы еңбек жолын 30 жылдан астам уақыт бойы осы мектепте қызмет атқарып келді. Оқушылары бірнеше рет олимпиадалардан жүлделі орындар мен алғыс хаттар иеленген.Қазіргі таңда зейнеткер, ардагер ұстаз. Галина Ивановна зейнет жасына келсе де, әліде ауылдың тыныс-тіршілігіне араласып, қандайда бір әдеби-мәдени іс-шараларға белсене араласып, еліміздің дамуымен гүлденуіне ат салысып жүрген белсенді, шығармашыл, ізденімпаз ұстаз деп білеміз.
Никоненко Светлана Владимировна – математика пәні мұғалімі. Көп жылдар бойы осы мектеп саласында қызмет етіп келді. Қазіргі таңда ардагер ұстаз. Оқушылары бірнеше рет олимпиадалардан жүлделі орындар мен алғыс хаттар иеленген. Осы Жданов жалпы білім беретін мектебінде еңбек еткен жылдары -оқушылардың білім сапасын көтеру мақсатында ақпараттық-коммуникативтік технологияны кеңінен пайдаланады.
Светлана Владимировна – талапшыл, ізденісімен шығармашылығы бірге қатар тоғысқан, білімді, білікті ұстаз. Өз ісіне шын берілген, әрдайым жаңашылдыққа жаны құмар, жан-жақты шығармашылығы шыңдалған ұстаз ретінде танимын.
Оспан Бәтима Сәлімқызы – математика пәні мұғалімі болып, Жданов жалпы білім беретін мектебінде 20 жылға таяу уақыт аралығында ұстаздық еңбек жолында адал қызмет атқарып келді. Ол кісі бізге, жас мамандарға, ата-анамыздан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам болды. 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап , зейнетке шығып, ұжыммен қимай қоштасты. Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деген Бәтима апайымыздың жөні де, жолы да бөлек, ақылы мен пайым парасаты үйлескен керемет байсалды, биязы мінез иесін тапқан керемет-ұстаз. Ұстаздардың әсерлі үнмен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлықтың, дана ойдың ыстық лебі есіп тұратын. Иә, адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?!Бәтима апай –дәл осындай жан.
Приходько Наталья Илинична – бастауыш сынып мұғалімі, көп жылдар бойы Жданов жалпы білім беретін мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Білім саласына қосқан үлесі жетерлік, жұмысына тиянақты, өз ісінің маманы, қатаң, сауатты, талапшыл, шығармашыл, ұстаз болған.Ұстаздық еңбек жолында жеткен жетістіктері аз емес. Мәселен, Наталья Илинична «ҚР Білім саласының үздігі» атанған. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін уақыт өткен сайын мойындайсың.
Непочатых Виктор Владимирович – негізгі мамандығы технолог-физик. Осы ауылдың тумасы, көп жылдар бойы механизатор болып жұмыс жасап, кейін Жданов жалпы білім беретін мектебінде 1990 ж.ж аяғынан-2014 ж.ж дейін- технология және физика пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған. Оқушылары бірнеше рет олимпиадалардан жүлделі орындар мен алғыс хаттар иеленген. Виктор Владимирович-өз ісінің нағыз маманы, байсалды көркем мінезімен ұжымды өзіне тарта білген, білікті білгір ұстаз.
Сурова Ольга Юрьевна – технология пәнінің мұғалімі, Жданов жалпы білім беретін мекемесінде көп жылдар бойы жұмыс жасаған. Елімнің болашағы деп үміттенетін бүгінгі жас ұрпаққа білім нәрін сеуіп, еңбексүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеп, білімі мен өнегесін кішкене бүлдіршіндерге арнап, бойындағы бар күш-жігерін шәкірт тәрбиелеуге жұмсаған шыншыл ұстаз. Ол еңбек еткен жылдарда талай жетістіктерге жетіп, мектепшілік, аудандық сайыстарға қатысып мектептің абыройын көтеріп жүрген ізденімпаз ұстаз.
Верещагина Валентина Владимировна – мектеп алды даярлық сыныбының тәрбиешісі болып Жданов жалпы білім беретін мектепте көп жылдар бойы қызмет атқарған. Жұмысқа жауапты, әр бастаған ісін ақырына дейін жеткізіп, балалармен тез тіл табыса алады. Адал да ақ жүрегімен өз оқушыларына, ата- аналарына, мектептегі әріптестеріне қиын сәттерде қол ұшын беруге қашан да дайын. Оқушылары мен ата-аналарының, әріптестерінің алдында өзіндік беделі бар.
Ербосынова Гүлнара Мерекеқызы – 15 жылдай уақыт аралығында Жданов жалпы білім беретін мектепте ұстаздық еңбек жолын бастауыш сынып мұғалімі ретінде атқарып келді.Ол мектептегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады, өз ісінің машық маманы, шығармашылығы шыңдалған, тәжірибелі ұстаз болды. Ұжым ортасында беделді, адамгершілігі мол, мінезі ашық, жас мамандарға өз кезегінде көмектесіп отырды. Ол адамгершілік, сыйластық деген ұғымдарды бірінші орынға қояды. Ұжыммен тіл табысқыш, ибалы, кішіпейіл, қарапайым ұстаз. Білімін үнемі жетілдіріп отыратын, білім мен тәрбиені ұштастырған ардагер ұстаз ғана емес, аяулы ана, үлгілі әже. Ұстаздық еңбек жолында жеткен жетістіктері аз емес. Мәселен, Гульнара Мерекеевна «ҚР Білім саласының үздігі» атанған.
Ардагер ұстаздың білім саласын жандандыруға қосқан өлшеусіз еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды деген ойдамын. Алған мақтау, марапат, алғыс хаттарын тізетін болсақ, өз алдына бір төбе. Бірақ, адамның адамшылығы марапат қағазымен ғана өлшенбек емес, адамды одан да биік етіп, қосымша көрік беріп тұратын – адами қасиеттері, игілікті істері болмақ. Жүзінен шуақ, сөздерінен жылылық төгіліп тұрған ұлағатты мамандық иелері өнегелі өмірі мен еселі еңбегінің арқасында айналасына қадірлі болары сөзсіз.
Кавказ халқында «Тауға жақындаған сайын оның биіктігін түсінесің»-деген мәтел бар. Осы керемет сөз біздің ардагер ұстаздарымызға қатысты айтылғандай, өйткені, сол тау секілді өміріне үңілген пендеге биіктей түсетіндей. Оны сіз бен біз жақсы білеміз. Қастерлейміз, құрмет тұтамыз және мақтан етеміз!
Құрметті ардагер ұстаздар! Сіздердің ұзақ жылдар бойы үздіксіз еткен зор еңбектеріңіз-саналы ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше, кейінгі жас буынға үлгі-өнеге болды. Жақсының жақсылығын дәріптеу, адамның ел үшін еткен игілікті істері мен мұрасын кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ету- ежелгі ел дәстүрі. Олай болса, ұстаз есімін мәңгі қалдырып,игі мұратын ілгері дамытудың шараларын жүзеге асыру ойластырылуға тиіс.
Сондықтан сол талғаусыз еңбектің жемісі ретіндегі бүгінгі зейнет демалыстарыңыздағы ғұмырларыңыз ұзағынан, көрер қуаныштарыңыз молынан болып, немере-шөберенің қызығына тоймай-ақ жаулықты Ана, ақсақалды ата болу бақытына бөленулеріңізді тілейміз! Жүздеріңіз күндей күлімдеп, жүректеріңіз жаздай жайнасын, жанарыңыздан әрдайым нұр себелеп, жандарыңыз шаттыққа кенелсін демекпіз.
Айман Ғабдуахитова,
Жданов жалпы білім беретін мектебі,
педагог-сарапшы, ағылшын тілі пәні мұғалімі.