24 қарашада Астанада Орталық Азиядағы әлеуметтік кәсіпкерлердің бірінші құрылтайы өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстан елдерінен келген әлеуметтік кәсіп саласының көшбасшылары осындай іс-шарада тұңғыш рет бас қосқалы отыр. Құрылтайға 300-ден астам әлеуметтік кәсіпкер, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, азаматтық белсенділер қатысады деп жоспарлануда.
Форум аясында сарапшылар Орталық Азиядағы табысты әлеуметтік кәсіпкерлік жобалардағы тәжірибесімен бөліседі, әлеуметтік кәсіпкерлік арқылы саладағы мәселелерді шешуде инновациялық тәсілдер, әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдаудағы мемлекеттің рөлі, әлеуметтік бастамаларды қаржыландыру тетіктері туралы талқылайды.
Маңызды тақырыптарының бірі Орталық Азия елдерінің әлеуметтік кәсіпкерлері, мемлекеттік органдары мен бизнес-қоғамдастығы арасындағы әріптестік қатынастарды нығайту мәселелеріне арналады.
Құрылтай қазақстандық әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының (АСИ) бастамасымен және Қазақстан Ұлттық экономика министрлігінің, Орталық Азия елдері депутаттарының, Астана әкімдігінің, сондай-ақ Eurasian Resources Group (ERG) қолдауымен өтеді.