Қазақстан +997 кодынан неліктен бас тартты? – Министр жауап берді

Қазақстан +997 кодынан неліктен бас тартты? – Министр жауап берді

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин +997 кодынан неліктен бас тартқандарын түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform.

«Кодты біз талап еттік, +997 коды бізде резервте тұр. Бірақ біздің азаматтарымыздың шағымдарын ескере отырып, біз жалпы неге +7 кодынан кетуіміз керек деген сұрақты қайта қойдық. Тарихқа көз жүгіртсек, кеңес өкіметі құлаған кезде +7 коды Ресейде қалды. Содан кейбір мемлекеттер шыға бастады. Бірақ біздің мемлекет Ресеймен ведомствоаралық келісімге келіп, +7-ден кейін тағы бір 7 саны Қазақстанға тиесілі қылдық. Бірақ бұл — ведомствоаралық құжат. Сол құжаттың ішінде „екі жақтың біреуі осы келісімшарттан бас тартамыз десе, жарты жылдан аспай, екінші тарапқа хабардар етуі керек және шарт бұзылады“ деген пункт бар. Яғни біз кодсыз қалуымыз мүмкін еді. Сондықтан осы мәселені қайта талқылап, Ресей Федерациясымен бір мәмілеге келдік», — деп түсіндірді министр.

Оның айтуынша, бұл келсімшарт үкіметаралық деңгейде болады. Екі ел депутаттарының ратификациясынан өтеді және «бас тарту» деген пункттер алынып тасталады. Яғни, ол келешекте «бас тартуға» келмейді.

«Төртіншіден, бізге +77-ні өзімізге қалдырып, оны мемлекетаралық деңгейде келісімшартта бекітетін боламыз. Яғни азаматтарға ыңғайлы болсын дейміз. Өйткені, жаңа кодқа ауысу қиын емес, бізге бір жыл ғана жетеді. Бірақ 20 млн абонентіміз басқа да интернет-платформаларда тіркеген кодтарын жаңарту жұмыстарын жүргізуі керек. Сондықтан, біз дүниежүзілік ұйымда +997 кодын өзімізге резервке қойдық. Бірақ +77-ні тәмәмдап, өзіміздің кодымыз ретінде қалдыру үшін біз сол келісімшарт мәселелерін Ресеймен талқылап, бір мәмілеге келдік. Қазір мемлекетаралық тиісті процедуралар жүргізіліп жатыр. Біздің жақтан бәрі мақұлданды», – деді Бағдат Мусин.

15 қараша күні Қазақстан +7 телефон кодын өзгеріссіз қалдыратыны хабарланған еді.

Жаңалықтармен бөлісу