Елімізде жолаушыларға сапалы қызмет көрсету үшін 300 вагон жетіспейді

Елімізде жолаушыларға сапалы қызмет көрсету үшін 300 вагон жетіспейді

Қазір жолаушыларды тасымалдайтын 66 облысаралық маршрут жұмыс істеп жатыр. Пойыз билетінің орташа бағасы – 8 мың теңге. Бұл бағыттарда 13 тасымалдаушы қызмет көрсетеді. Қазақстанда жолаушыларға сапалы қызмет көрсету үшін 300 вагон жетіспейді. Бұл туралы ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев үкім отырысында мәлімдеді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

“Жалпы жолаушыларды тасымалдау республикалық бюджеттен субсидияланады. Бұл шаралар халықтың барлық тобы үшін жол жүру құжаттарының қолжетімді бағасын қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінде пойыз билеті бағасының орташа құны – 8 мың теңге, – деді Марат Қарабаев.

Министрдің мәлімдеуінше, жолаушыларға сапалы қызмет көрсету үшін жаңа вагондар сатып алу кезек күттірмейді.

“Жолаушылар вагондарының паркі – 2 567. Тасымалдауға сұраныстың жоғары кезінде шамамен 300 вагон тапшылығы байқалады. Осыған байланысты және халықты тасымалдауға қолайлы жағдайлар жасау үшін жаңа заманауи жолаушылар вагондарын сатып алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл 162 жаңа вагон сатып алынды. Оның ішінде 76 вагон пайдалануға берілді, 24 вагон пайдалануға жыл соңына дейін беріледі. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында қалған 62 вагон жеткізіледі, – деді министр.

 

Жаңалықтармен бөлісу