ЕГІН  ЕГІП, ЕЛГЕ КӨМЕКТЕСКЕН

ЕГІН  ЕГІП, ЕЛГЕ КӨМЕКТЕСКЕН

Қарасу ауданы – егін алқабы жөнінен республика бойынша екінші орында тұр. 600 мың гектардан астам алқапқа дән сіңіретін өңірде егіншілікпен айналыспайтын шаруа кемде кем. Өйткені, топырағы құнарлы, егіннің шығымы жоғары.  Осы ауданға қарасты Железнодорожный ауылында тұратын Мұхарбек Есщанов отыз жылға жуық бітік егін өсіріп, ел ырысын еселеуге шама-шарқынша үлес қосып  келеді. Жыл он екі ай бойы бір тыным көрмейтін шаруақор азаматтың қарамағында  он адам тұрақты жұмыс істейді. Олардың отын-суы, жем-шөбі шаруа қожалығының мойнында.

Мұхарбек Мұсағалиұлы – Торғайдың тумасы. Бес жасқа толғанда осы Октябрь кентіне қоныс аударыпты. Осында мектеп бітірді. Аудандық кәсіптік-техникалық училищеден механизатор мамандығын алып шықты.  1997 жылы “Мадияр” шаруа қожалығын ашып, ең алғаш 600 гектар алқапқа бидай сеуіп көрді. Шығымы жаман болған жоқ. Содан бастап диқандық салаға бір жола бет бұрды.  Ол кезде Октябрь  – Торғай облысының құрамындағы астық өсіруші үлкен ауданның бірі еді. Облыс тарағасын  іргедегі Қарасу ауданына қосылды.  Ал, Мұхарбек жетекшілік ететін шаруа қожалығы жыл озған сайын егістік көлемін біртіндеп ұлғайта берді. Биыл ол 3500 гектарға бидай,арпа,сұлы екті.

            –Жылда егіннің шығымы жаман болмайтын. Бұл жолы ала жаздай жауыннан көз ашпадық. Сондықтан, түсім жылдағыдан аз. Әр гектардан 11 центнерден өнім жинадық.  Жиын-терім созылып кетті. Абырой болғанда, орақ науқанына ерте кірістік. Шүкір!  Қазақ “Бұдан да жаманымызда тойға барғанбыз” демейтін бе еді,  небір қуаңшылық жылдарды да бастан өткердік. Табиғаттың тосын мінезіне жасар қайла жоқ,– дейді  шаруа қожалығының жетекшісі Мұхарбек Мұсағалиұлы.

“Мадияр” шаруа қожалығы жыл сайын техника-машина паркін жаңалап отыруды әдетке айналдырған. өйткені, жаңа техника өнімді жұмыстың кепілі. Қазір қожалықта үш жаңа К-700 тракторы, бір “Джон-дир”, бір “Акрос” комбайны, төрт “КАМАЗ” бар. Мұның бәрін “ҚазАгроқаржы”  АҚ арқылы лизингке алған. Заманауи комбайндар жұмысты жапырып істейді. өнімділігі жоғары.  Кәнігі механизатор Виктор Никитюк он алты жылдан бері “Мадияр” шаруа қожалығында еңбек етеді. Мақтаулы маманның бірі. Кезінде бұл шаруашылықта әкесі де жұмыс істепті. Енді оның орнын ұлы басқан. “Виктор өз ісінің шебері. Дала жұмыстары кезінде күндік норманы үнемі асыра орындайды. Техниканы ұқыпты ұстайды. Сондықтан, жаңа “Акросқа” отырғыздым,– дейді шаруа қожалығының басшысы.

Мұхарбек Есжанов бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін әсте ұмытпайды. Құдды бір парызы сияқтанады да тұрады. Оның  қарамағындағыларға лайықты тұрмыстық жағдай жасауы былай тұрсын, мұқтаж жандарға үнемі қолын соза білуі нағыз іскер, намысқой жігітке тән қасиет. Қолында барын жұртпен бөлісуі мәрттік емей не! Биыл Октябрь ауылдық округ әкімімен меморандумға қол қойды. Соған сәйкес бұл  қалтасынан үш миллион теңге шығарып ауыл мұқтаждығына берді.  Жергілікті атқарушы билік не айтса да, қолын қаққан емес. Қыста ауылішілік жолдардың қарын аршып береді. “Мектепке жол” акциясына қатыспаған кезі жоқ.  Тұрмысы төмен отбасылардың отын-суы, көмірі үнемі мойнында. Бәрінен бұрын туған жеріне деген ынтық сезімі оны бейжай қалдырып көрген жоқ. Өткен жылы М.Дулатұлы атындағы Ақсуат орта мектебінің іргетасы қаланғанына 100 толуына орай “Ауыл тойына” 14 млн теңге берді. Басқа көмегі бір төбе.

            –Біз бұл жаққа 1982 жылы қоныс аудардық. Ол кезде бала болсақ та, әлі күнге дейін туған жерімізге бүйрегіміз бұрып тұрады. Ел іші көркейсе екен дейміз. Құмына аунап, суына шомылып өскен ауылың әманда ыстық көрінеді. Өз қолымыз аузымызға жеткенде жәрдемдесу перзенттік борышым іспетті,– дейді шаруақор азамат.

Әкесінен екі жасында айрылып, атасы мен әжесінің тәрбиесінде өскен  кәсіпкердің өзі де бүгінде екі немеренің атасы. Үш ұлы – Рүстем, Руслан, Расулдар  – Мұхарбектің көмекшілері. Жолдасы  “Рүстем және К” шаруа қожалығын басқарады. Біз сөзбен айтқанда, Есжановтар  отбасының  егін егіп, елге көмектесуі өзге жұртқа үлгі болғандай!

Қарасу ауданы.

Әлібек ЫБЫРАЙ          

Суреттерді түсірген Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ.

 

 

Жаңалықтармен бөлісу