Елордамызда өткен «Өлеңге құмар өрендер» атты аймақтық оқушылар айтысында жерлесіміз, Арқалық қаласындағы А. Құнанбаев атындағы №6 мектеп – гимназиясының 7 сынып оқушысы Нұрислам Рағат бас жүлдеге ие болып, 300 мың теңгелік сыйақымен марапатталды.
Мәртебелі марапаттты Алаштың айбоз ақыны Ғалым Жайлыбай салтанатты түрде табыс етті.
Еске сала кетсек, Нұрислам биыл Қызылорда қаласында белгілі ақын Жарасқан Әбдіраштың туғанына 75 жыл толуына орай өткен «Көктем нұры» атты республикалық оқушылар айтысында жүлделі 2 орынды жеңіп алған еді. Осыған орай, Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов жас ақынды жеңісімен құттықтап, алғыс хаты мен арнайы сыйлығын да (смартфон) табыс еткен болатын.
Жас жүйрігіміз Нұрислам Рағат алғаш рет Торғайдың топжарған ақыны Нұрхан Ахметбековтің 120 жылдығына арналған «Жас тұлпар» дәстүрлі облыстық оқушылар айтысында ерекше талантымен көзге түсіп, бас жүлдемен Н. Ахметбеков атындағы арнайы жүлдені жеңіп алып, республикалық айтысқа жолдама алған-ды. Нұрисламды айтыс өнеріне баптап, шабытын шыңдап жүрген туған ағасы, әрі жетекшісі, өңірге танымал талантты ақын Айбар Рағатов.
Осы жолы інісінің ірі жеңісімен қоса Айбар ақынымыз да 600 мың теңгенің стипендиясына ие болды.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы