20 миллионнан асып барамыз

20 миллионнан асып барамыз

«Қазақстанда 20 миллионыншы тұрғын дүниеге келді». Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің өзі сүйіншілеген хабары. Қуанышты жаңалықты жарыса бөлісіп жатырмыз. «Халықымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді», – деп жазды Президент.Халықтың деректер базасының көрсеткіштері бойынша 14 қарашада таңғы сағат 8:10-да 5 бала дүниеге келіп, халық санының 20 миллион болуына ықпал еткен. Қазақстанның 20 миллионыншы азаматтары Ұлытау мен Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде үшеуі ұл және екеуі қыз. 1991 жылы Қазақстан халқының саны 16,4 миллион адам еді. Тәуелсіздік жылдарында ел халқының саны 22,3 пайызға өсті.

Осыған орай облыстық аурухананың бас дәрігері Юрий Моисеев осы 20 миллионнан асқаннан кейін дүниеге келген нәрестелерді де құттықтап, сыйлық таратты. Перинаталды орталықта 20 миллионнға толғаннан кейін 16 сәби дүние есігін ашыпты. Солардың ішінде біреуі егіз. Жас босанған аналардың да, балалардың да денсаулықтары жақсы. Дәрігерлер оларға сыйлық беріп, шаттық сыйлады.

20 миллионыншы азаматтың туғандар мен қайтыс болғандар саны, Қазақстанға келгендер мен кеткендер сияқты демографиялық мәліметтерді ескере отырып анықталды. Мемлекеттік ақпараттық жүйелерді біріктіру бұл процесті жеделдетіп, 20 миллионыншы адамның туған күнін тез анықтауға мүмкіндік берген.

 

 

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

 

Жаңалықтармен бөлісу