Жастарға серпін берген форум

Жастарға серпін берген форум

Қарамеңдіде “AMANAT” партиясы аудандық филиалының ұйытқы болуымен Науырзым ауданы жастарының форумы өтті. Аудан әкімдігі қолдау көрсеткен форумға 8 ауылдан әр салада қызмет ететін 300-ге тарта жастар қатысты. 

 Форумды өткізудегі негізгі мақсат – ел дамуы жолында жастардың басын біріктіріп, жігер-қуатын бір арнаға тоғыстыру. Сол үшін де ауыл жастары өзін-өзі басқару жұмысын жетілдіруге бағытталған ұсыныстарды талқылауға аудан орталығына жиналды.

Форумның ашылу салтанатында аудан әкімі Мәди Ихтиляпов келушілерге ілтипатын білдірді.

– Мемлекетіміз жастар саясатына жоғары деңгейде көңіл бөліп келеді. Әсіресе, ауыл жастары үшін мүмкіндік мол. Мысалы, “Дипломмен – ауылға!”, “Бастау бизнес”, “Жастар практикасы” сынды бағдарламалар осының дәлелі. Форумға ауданның көркеюіне жеке үлес қосқысы келетін, экономикалық және әлеуметтік саласын дамытуға ниетті, белсенді жастар қатысуда. Қатысушылар өздерінің шығармашылық әлеуетін дамыту үшін қолдау алатынына сенімім зор, – деді Мәди Ихтиляпов.

“AMANAT” партиясы жанындағы “Жастар рухы” Жастар қанаты” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрайымы Аружан Сәрсенбаева жобалармен таныстырды. Оның айтуынша, Науырзым ауданынан “Жастар рухы” қоғамдық бірлестігін ашу көзделіп отыр.

– Көптеген жоба арқылы ауқымды істер атқардық. Солардың бір бөлігін науырзымдық жастарға таныстырдым. “Қайсар”, “Бір толқында”, “Менің елім – менің тілім”, “Сәлем, Қостанай” сынды жобаларымыз бар. Науырзым ауданында да осы жоба шеңберінде көптеген игі істер атқаруға болады. Еңбек етуге ниетті жастар болса, бірігіп жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Аружан Сәрсенбаева.

Форум қатысушыларына “Жастар кәсіпкерлігі”, “Волентерлік қызметті дамыту туралы”, “Көшбасшылық мотивация” тақырыбында шығармашылық алаңдар ұйымдастырылды. Онда осы бағытта жұмыс істеп жүрген азаматтар дәріс оқып, саланың қыр-сырын үйретті.

– Бизнесті қалай бастау керектігі жөнінде дәріс оқыдым. Мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып бердім. Қайтарымсыз грант немесе аз пайызбен несие алу жолдарын түсіндірдім. Медицина және әлеуметтік саладағы жобалар жайлы, сондай-ақ, бизнес-жобаларды әзерлеудің барлық аспектілерін жастарға үйреттім. Бұл жерден қатысушылар кәсіпкерлік туралы толық мәлімет алды, – дейді бизнес-оқытушы Әлия Шалабаева.

Жастар топ-топқа бөлініп тәжірибелік жұмыс істеді. Яғни, олар өз аудандарында жоқ, халыққа қажетті кәсіптің бизнес-жоспарын құрды. Оқытушылар сараптай келе, Науырзым ауданының жастары жасаған жобаны үздік деп таныды. Олар аудандық ауруханада жоқ ультрадыбыстық зерттеу аппаратына бизнес-жоспар әзірлеген.

– Жастар форумы көңілімнен шықты. Ерекше серпіліс берді. Тәлімгерлерден көптеген жаңалық естідік. Біздің ауданда ультрадыбыстық зерттеу аппараты жоқ еді. Сол себепті аудан халқы қалалық жерге баруға мәжбүр болатын. Тәжірибелік жұмыста осы құрылғыға бизнес-жоспар құрдық. Тоғыз топтың ішінде біздің жобамыз үздік деп таңдалып алынды. Алдағы уақытта осы жобаны дамытып, мемлекеттік қолдауға ұсынамын, – дейді форум қатысушысы, аудандық емхананың жас маманы, жалпы тәжірибелік дәрігер Айнұр Қалиева.

Форум әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тамара Асардың ән кешімен қорытындыланды.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген Бейбіт Мейрамұлы

Жаңалықтармен бөлісу