Ел сыйлаған азамат

Ел сыйлаған азамат

Батырбек Мықансалықұлымен біршама жыл бір ауылда қызметтес болдым. Көп балалы, еңбекқор отбасында өскендіктен болар, өмірдің қызығы мен қиындығын салмақты бағалайтыны үнемі білініп тұратын. Қызмет бабында көп нәрсені назардан тыс қалдырмайтын, әуелі ақылға салып, саралап алатын. Шаруашылыққа пайдалы істерге бөгет жасамай, зиянды әрекетке жол бермейтін. Осы мақалада осындай азаматтың өмір тарихы мен еңбек жолынан үзінді келтіруді жөн көрдік.

Батырбек Ахметов Жанкелдин ауданы Қызбел ауылында дүниеге келіп, 1971 жылы Ақсуат орта мектебін тәмәмдайды. Оқуға түсуге бар мүмкіншілігі бола тұра, алыстағы Алматыға барып тұрып қара жұмысқа орналасты. Автобазаның слесарь маманы болып істеді. Табаны күректей екі жыл Кеңес Армиясы қатарында жүріп, Германияда әскери борышын өтеген бірен-саран қазақтың бірі болатын. Кейін Омбы қаласында өрт сөндірушілердің арнайы курсын бітіріп шықты. Кіші лейтенант шенінде елге оралып, туған Торғайына қызмет етті. Жанкелдин аудандық ішкі істер бөлімінде «Өртті қадағалау» инспекторы қызметін бес жыл мүлтіксіз атқарды. Осы еңбегі бағаланып, Арқалық қаласындағы Өрттен қорғау басқармасының техникалық бөлімінің бастығы қызметіне жоғарылады.

Елге оралып, өзінің әуелдегі кәсібімен қайта қауышты. Жанкелдин ауданы Бидайық, кейін Дулатов есімі берілген кеңшарда машина-трактор алаңының, жөндеу мекемелерінің меңгерушісі, бас инженер, бригада жетекшісі, бас агроном қызметтерін атқарды. Егін шаруашылығының қыр-сырын түсініп, тәжірибе жинақтады. «Даңқ» орденінің толық кавалері Қуаныш Қасымовты ұстаз тұтты. Кеңшардың барлық қоғамдық жұмысына араласты. Аудандық Кеңестің депутаты болды. Еңбек ете жүріп, сырттай Алматы ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, жоғарғы білімді ғалым-агроном мамандығын иеленді. М. Дулатов атындағы кеңшардың директоры, қауымдастық төрағасы, ұжымдық кооперативтер бірлестігі төрағасы, ЖШС директоры болды.

Бидайық кеңшарының М.Дулатов аталуы қайраткер атамыздың сүйегінің елге келуінен басталды. Тұлғаның сүйегін әкелуге қаражат жағынан және атап өту іс-шараларын өткізуге де атсалысқан еді. Өзі қасында тұрып, кесенесінің қабырғасын қалатты, мұражайын салдырды. Республикалық дәрежеде М.Дулатовтың 110 жылдығын 1995 жылы атап өтуге үлес қосты.

Өмір өзгермей тұрмайды. Белсенділік – біреудің алдындағы дәрменсіздікті жаншып тастап алға шығаратын күш. Б.Ахметовтің де мың құлпырған экономикалық қозғалыстың соққысына шыдау үшін ізденуі, оқуы, күнделікті жаңалықтарға үнемі назар аударуы қажет болды. Бәкең оған да төзді. Новоильиновкідегі ЖБИ зауытында, Алтынсариндегі РПС-те конкурстік басқарма болғанда, облыстық химиялық лабораторияның директоры болғанда небір шешуі қиын мәселелерді шешуде өзінің талап-тілегіне сене білді. Алтынсарин ауданы әкімінің орынбасары болып жүргенде бұрын шаруашылықты тікелей басқарған, технология мен өнім сапасына қатты назар аударатын, еңбекшілермен тікелей сөйлесетін Б.Ахметовке алғашында сәл қиындық тудырғаны рас. Білікті ізденгіштігі өз абыройына нұқсан келтірмей алға шығарды. Батырбек Мықансалықұлы өзі туып өскен Жанкелдин ауданына әкім болып қайта оралды.

Ол жақтағы елді мекен заманның ықпалымен, адамдардың санасымен өзгеріске ұшырап, дамып не шегініс жасап отырған кез. Батырбек Ахметовтің аудан әкімі болған кезінде алдымен интернет байланыс жүйесі іске қосылып, шалғайдағы ауылдарға (Ақкөл, Торғай, Ақшығанақ) ауыз су тартылды. Милісай, Қарасу, Ақкөл ауылдарында мектеп ғимараттары салынып, жедел пайдалануға берілді. Милісай мен Ақкөл ауылдары аудан орталығынан жүз шақырымнан артық қашықта болса да, халықтың талап-тілегімен санасып, мемлекеттен бөлінген қаржыны уақытында игеруге күш салынды.

Кейін облысқа келіп, жер қатынастары басқармасының басшысы, Алтынсарин ауданының әкімі қызметтерін атқарды. Дәл осы уақыттарда билік басында отырғандар бұрынғы ойлау кеңістігінде қалыптасқан басқару дағдысында қала алмайтын кез еді. Батырбек те сол жолға өзін дайындап, ауданның тек экономикалық жетестігі емес, әлеуметтік саласының биікке шығуына, ұлттық сана-сезімнің өркендеуіне ұмытылыс танытты.

«Ұрпағымыз әуелі бір-бірінің қадір-қасиетін жете бағалап, үлгі тұтуы керек. Ондай озық ойлы жастарды төбемізге көтеруге шамамыз жетсе болды. Ұлтымыздың тұлғалы кісілерін құрметтесек, олардың өз тілінде сөйлегенін дәріптесек, кейінгі ұрпаққа қазақи санамызды кіргізсек, ешбір халықтан кем қалмаймыз», – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов.

Қостанайлық қадірменді қарттар да бұл сөзді құптауға тиісті. Иә, заманауи тіршілікте ата-баба дәстүрін ұрпаққа мұра ету, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, Бәкеңнің бүгінге дейін кейінге шегерілмес мақсаты. Халық алдында атқарған осы еңбегі бағаланбай қалған жоқ. Алтынсарин, Жанкелдин аудандарының құрметті азаматы. «Ерен еңбегі үшін», «Құрмет», «Парасат» орден-медальдарының иегері. Қымбатты жары Күлдірайхан екеуі төрт ұл, екі қыз өсіріп, өмірдің есігін ашқан бүлдіршіндерін адамдықтың, махаббат мейірімінің уызымен сусындатып жеткізді.

  Кәдірбек ЖОЛПАТҰЛЫ,

жазушы-журналист

Жаңалықтармен бөлісу