Қауіптен қорғайтын құрылғы әлі де қажет

Қауіптен қорғайтын құрылғы әлі де қажет

Жылу беру кезеңі басталғаннан бері қала аумағында 6 өрт тіркелген. Алдын алу шарасының арқасында адам шығыны болған жоқ. Әкімдікте өткен жиында қалалық ТЖ басқармасы басшысының м.а. Аслан Махмұтов осы жөнінде баяндады.

            Өткен жылы жеке тұрғын үй секторында 65 өрт тіркелген. Салдарынан 2 адам зардап шегіп, 4 адам қаза тапқан еді. Басқарма басшысының айтуынша, қаза тапқандардың жас аралығы 45-60 жастағы адамдар.

            – Талдау нәтижесі көрсеткендей, өрт демалыс күндері мен кешкі және түнгі уақытта болады. Ішімдік ішу – оқыс оқиғаға ықпал ететін негізгі жағдай. Яғни, масаң күйде өрт қауіпсіздік ережелерін бұзу, тұрмыстық электр құраларын орнату және дұрыс пайдаланбау себебінен туындайды, – деді Аслан Махмұтов.

ТЖ бөлімі көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, халықтың әлеуметтік осал топтарына барлығы 377 отбасының үйіне өрт дабылы датчиктерін орнатқан. Сондай-ақ, мұржаларды тазарту құрылғысын сатып алған.

            – Қайырымдылық акциясы аясында әлеуметтік осал топқа жататын 84 үйдің мұржасы тазаланды. Көміртегі тотығын анықтайтын 177 датчик орнатылды. Осылайша, 2019 жылдан бастап 645 датчик қойдық, – деді Аслан Махмұтов.

Көміртегі тотығын анықтайтын датчиктердің пайдасы мол. 2020 жылы дәл осы құрылғы 7 адамның өмірін сақтап қалған. Яғни, пештен көміртегі тотығы бөлінгенде, датчик іске қосылған. Марат Жүндібаев қаржылық мүмкіндігі жоқ отбасылардың үйіне ақша бөліп датчик орнатуға тапсырма берді.

            – Біз үшін адам өмірі ең маңызды. Саяжайда тұратын отбасылардың қаржысы жетпесе ақша бөлу керек. Мендегі дерек бойынша, бір датчиктің құны 5 мың теңге екен, сол себепті мұндай жағдайда қаржы үнемдеуге болмайды, – деді қала әкімі.

ТЖ басқармасының дерегінше, саяжайда 300-ден аса тұрғын үйде 800-дей адам тұрады. Сондай-ақ, қалада газ баллондарын пайдаланатын 20 үй бар.

 

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттер ашық ақпарат көзінен алынды

Жаңалықтармен бөлісу