Ұлттық статистика бюросы stat.gov.kz ресми сайтында «2021 жылғы халық санағының» соңғы қорытындыларын жариялай бастады. Тақырыптық жинақтар талдаушылар үшін құнды дереккөз болып, барлық қажетті деректерді егжей-тегжейлі зерттеуге мүмкіндік береді.
Сайтта келесі бағыттар бойынша барлығы 9 жинақ жарияланады:
– «Қазақстан Республикасының халқы» (1-2 том)
– «Қазақстан Республикасындағы Ұлттық құрам, Діни наным және тілдерді меңгеру»
– «Қазақстан Республикасындағы білім беру»
– «Қазақстан Республикасы халқының өмір сүру құралдарының кірістері мен көздері»
– «Халықтың көші-қоны»
– «Қазақстан Республикасында халықтың жұмыспен қамтылуы» (1-2 том)
– «Неке және отбасы»
– «Қазақстан Республикасының үй шаруашылықтары»
– «Қазақстан Республикасындағы халықтың тұрғын үй сипаттамалары»
Айта кетейік, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары бойынша деректер санақ өткен уақытқа, яғни олар бөлінгенге дейін берілген. Бұл ретте жаңадан құрылған облыстардағы халық саны санақ деректерін ескере отырып қайта есептелген және stat.gov.kz сайтында жарияланған.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы желтоқсанда Бюро алдын ала қорытындыларды, 2022 жылдың шілдесінде қысқаша қорытындыларды ұсынды. Жинақтар түріндегі түпкілікті қорытындылар Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Ұлттық санақ жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жарияланып отыр, ондағы жариялау мерзімі – 2023 жылғы IV тоқсан. Айта кетейік, санақ деректерін өңдеу сауалнама деректеріндегі кейстерді ашу, дубльдерді, қате деректерді жою, онлайн санақ пен планшет дерекқорларын біріктіру, сондай-ақ 2009 жылғы санақ деректерімен, ағымдағы статистикамен және мемлекеттік органдардың әкімшілік деректерімен салыстыру және талдау бойынша жұмыстың мұқият атқарылуын қажет етті.
Бүгін Бюро оқырмандар үшін «Қазақстан халқы» жинағының бірінші және екінші томы бойынша талдаушылар атап өткен негізгі қорытындыларды ұсынады.
Ұлттық статистика бюросы