Өткен жылы облыстағы мал ұстаушылар 157 млн теңгеден астам шығынға батты. Олардан 710 бас мал ұрланған. Оның 288 басы – жылқы, 43-і – ірі қара, 379 басы – қой.
– 2021 жылға қарағанда 2022 жылы мал ұрлығы біршама төмендеді.
Ауыр санатқа жататыны – 27,5%, орташа ауырлықтағы ұрлық 87-ден 39 фактіге дейін азайған, – дейді ПД Криминалдық полицияның аға жедел уәкілі Олжас Сүлейменов.
Мал ұрлығының азаюын заңның күшейтілгенімен байланыстыруға болады. 2020 жылы ҚР Қылмыстық кодексіне «Мал ұрлау» туралы арнайы бап енгізілген еді.
– Мал ұрлығына арналған 188-1 баптың бірінші бөлігінде мал ұрлығының жазасы қылмыс жасаған тұлғаның мүлкі тәркілене отырып, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жіберілуі мүмкін. Бес жылға дейiн бас бостандығын шектеу, тіпті сол мерзімге түрмеге қамау жазасы да қарастырылған. Егер мал ұрлығы топпен және ірі көлемде жасалса, айыпталушы жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуға тиісті. Ал, қылмысты бірнеше рет қайталаса немесе түлікті қоражайдан алып кетсе, он жылғы дейін сотталады, – деп тарқатты Олжас Сүлейменов.
Аманкелді ауданының тұрғыны Мархабат Нұрғожиннің жылқысын ұры бағанда байлаулы тұрған жерінен жетектеп кеткен. Артынша екінші бір адамға сатып үлгерген. Аттың иесі басында өз бетімен іздеуге тырысқан, алайда онысынан түк шықпаған соң полицияның көмегіне жүгінеді.
– Жоғалған атымды бір жылдай іздестірдік. Полиция қызметкерлерінің араласуымен ұрыны таптық. Оны танимын, өзіміздің ауылдың жігіті. Түсірген шағымым бойынша іс қозғалды. Қазір соттасып жатырмыз, сот әлі біткен жоқ, – дейді Мархабат Нұрғожин.
Кейбір жағдайларда ауылдастар бір-бірін кешіріп, арадағы дауды өзара түсіністікпен шешеді. Бірақ, дәніккен адамның қайтадан ескі әдетіне басып жататыны бар. Тәртіп сақшылары осыған жол бермеу үшін есепте тұрған тұрғындар қатаң бақылауда ұсталатынын айтады. Мал ұрлығының алдын алу бағытында ҚР Ішкі істер министрлігі «2021-2023 жылдардағы ұрлыққа қарсы іс-қимыл» арнайы бағдарлама бекіткен. Бақылау жұмысы осы бағдарламаға сәйкес жүргізіліп тұрады.
– Жалпы, өткен жылғы аяқталған қылмыстық істер бойынша 327 бас мал иелеріне қайтарылды. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп иесіз малды уақытша қамап ұстау үшін 176 қора құрылды, – дейді жедел уәкіл.
Былтыр 25 мал ұрлығын жасаған 60 жеке тұлға және 13 қылмыстық топ құрықталған. Осы жылдың қаңтар айында мал ұрлаған 2 адам және 1 қылмыстық топ ұсталған. 2023 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша 4 бас түлік (3 жылқы, 1 қой) қорадан ұрланған. Келтірілген залал көлемі – 1 млн 480 мың теңге. Жедел ізестіру жұмысының нәтижесінде қолды болған мал иесіне қайтарылды.
Сералы МЫРЗАБАЙ