Жерлесіміз әлем чемпионы

Жерлесіміз әлем чемпионы

Грекия мемлекетінің Лутраки қаласында грэпплинг күрес түрінен  35-40 жастағы ардагерлер арасында өткен әлем чемпионатында Ақшығанақ ауылының тумасы Бекболат Байназаров қатысып, 66 кг салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды.

Әлем чемпионы атанған жерлесіміз Ақшығанақ ауылдық округіне қарасты, Қ.Топаев атындағы жалпы білім беретін мектебінің түлегі. Грэпплинг күресімен айналысып жүргеніне үш жылдай ғана уақыт болған. Қазақша күрестен алғашқы жаттықтырушысы Ақшығанақ ауылының перзенті Мейрамбек Карбозов.

«Студент кезімде Жұмахан Қасымханов, Берік Таласов бозкілем үстінде шынығуыма себепкер болды. Сол уақыттарда облыс чемпионы атанып жүрдім. Самбо, қазақ күрестерінен қол үзе бастадым. 2016 жылы самбо күресіне қайта оралдым. Арқалық қаласында тұратын досым Мылтықбай жауынгерлік самбо бөлімін ашты. Сол жерде жаттыға бастадым. 2017 жылы самбо күресінен Қазақстан чемпионатында бағымды сынап, жүлделі 3 орынды иелендім. Спорттың жекпе-жек түрінен облыс чемпионы болдым. 2021 жылы Қостанай қаласына келіп, греплинг, джиу джитсу күресімен айналыстым. Респуликалык турнирлерде ешкімге есе жіберген жоқпын. Қазіргі таңдағы жаттықтырушыларым Мұрат Бердімұхамедов пен Рамазан Құсайынов. Жұмыс барысымен жүріп  көптеген жарыстарға қатыса алмадым. Әлем чемпионы боламын деп әсте ойлаған жоқпын»,– дейді әлем чемионы.

Бекболат Байназаров Арқалық қаласының тұрғыны. «Жігітке жеті өнерде аз» демекші, бауырымыз ағаш ұстасы.  Қостанай қаласында жиһаз цехы жұмыс істейді.  Түбегейлі Қостанай қаласына қоныс аударуды жоспарлап отыр.  Болашақта кәсібін дамытып, жиһаз цехының аумаған кеңейткісі келеді.

 

                                                                         Байбатыр АХМЕТБЕКОВ

Жанкелдин ауданы

Жаңалықтармен бөлісу