Соңғы жылдары Жанкелдин ауданында мал санын біршама өскен. Оған мемлекеттік бағдарламалардың үлкен септігі тиіп отыр. Мәселен, бір ғана “Ауыл аманаты” жобасы шеңберінде “Тобыл” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына 40 адам құжат тапсырған. Алайда, тек жиырма екісіне жалпы сомасы 115 млн 220 мың теңге көлемінде несие берілген.
–Айта кету керек, бұлардың дені, яғни, жиырмасы шаруа қожалығы. Олардың бәрі мал сатып алып, кәсіптерін одан әрі жандандыруға ниетті. Соның арқасында он алты жаңа жұмывс орны ашылды. Жалпы, өңірде кейінгі кезде мал өсіруге мән беріп отырған жандардың қарасы көбейді. Несие алуға құжат тапсырғандардың арасында жұмыссыздардың, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың болуы осы сөзімізге дәлел,–дейді Жанкелдин аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ернұр Иманғалиев.
Биыл облыс әкімінің бастамасымен оңтүстік аудандар үшін 1 процентпен несие беружұмыстары қолға алынған еді.Жанкелдин ауданы бойынша 14 шаруа қожалығы 1 млрд 100 мың теңгеге құжат әзірлеп жатыр. Бүгінде соның 5-уі құжаттарын тапсырды. Жалпы, Торғай өңірі түлік өсіруге таптыртпайтын мекен. Сондықтан, несие алушылардың басым бөлігі бордақылау алаңдарын салуға, асылтұқымды мал өсіруге құлшынып отыр.
– Өңірде осыған дейін бар болғаны екі-ақ мал бордақылау алаңы болса, жеңілдетілген несиеге қол жеткізгендердің арқасында оның саны бірнеше есеге дейін өсуі мүмкін. Оның үстіне, біздің ауданда бірде-бір мал сою алаңы жоқ. Осыны ескерген “Асыл агро” шаруа қожалығы осы істі қолға алуды ұйғарып отыр,– дейді Ернұр Иманғалиев.
Осындай нәтижелі жұмыстардың жемісі болар, шалғай ауданда төрт түліктің қарасы қалыңдады. Өңірде 54 мың қара мал, 47 мың қой-ешкі, 16 мың жылқы және 122 түйе өсіріледі. Мұның бәрі мемлекеттің қолдауына иек артқан шаруақор азаматтардың еңбегі екені даусыз. Биыл ауданда 105 мың тонна мал азығы әзірленді. Бұл халыққа, шаруа қожалылықтарына толығымен жетеді. Шөптің бағасы тұрғындар үшін аса қымбат емес. Бір рулон 6 мың теңге, ал тиелген шөптің тоннасы 12-15 мың теңге аралығында.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ
Жанкелдин ауданы