Арқалық қаласында 25 қазан – Республика күніне арналып «Ұлы даланың дүбірі» атты ұлттық ат спорты ойындары өтуде. Арқалық қалалық «Мұхтасиб Әлмұхамед» мешітінің бас имамы Нұрхан қажы Бақтыбай аруақтарға құран бағыштап, ел ақсақалы, абыз қария Кәки Ақан қатысушыларға өлең жолдарымен өріліп кестеленген ақ батасын берді.
Ат спорты ойындарының алғашқы күні көкпар, келесі күні – бәйге болады деп жоспарланып отыр.
Алғашқы күннің өзінде – ақ ұлттық ат спорты ойындарын тамашалауға келген жанкүйерлер қатары мол.
Арнайы белгіленген қаланың «Олимпиский» кентінің жанындағы орында көпшілік үшін қолайлы жағдай туғызылып, сауда – саттық жәрмеңкесі ұйымдастырылуда.
Бұл көкпар – Арқалық өңірінде қалаға қарасты әрбір ауыл және ауылдық округтерден команда жасақталып, өзара тартысқа түскен, тұңғыш рет өткізіліп отырған ішкі біріншілік.
Көкпардың бастапқы ойындары Фурманов ауылы мен Целинный ауылы арасында көрініс тапты. Ойынның үшінші минутында фурмановтық көкпаршы Дархан Қасқырбай «Күйқасқа» атты тұлпарымен алғашқы салымды салды. Одан кейін де көкпаршылардың «жаппай тартыс», «жекпе жек» тартыстары жанкүйерлерінің делебесін қоздырды. Қорытындысында алғашқы салымды салған спортшы 3:0 есебімен командасына жеңісті жұлып әперді.
«Бүгін қаламызда Республика күніне арналып, көкпар ойыны болып жатыр. Өте жақсы ұйымдастырылған. Мұндай үлкен дәрежедегі көкпар қаламызда бұрын-соңды болмаған. Ертең ат жарыстарын көруге де келеміз. Ат спорты ойындары қала халқы мен қонақтарына тамаша көтеріңкі көңіл – күй, демалыс сыйлауда. Мерекеміз құтты болып, еліміздің көк туы қашанда шырқау биікте желбірей берсін», – дейді қала тұрғыны, ауыл шаруашылық саласының ардагері Батырхан Ғайсин.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы
Арқалық қаласы