АЛҒАШ РЕТ АУЫЛ ОҚУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА ӨТЕДІ

АЛҒАШ РЕТ АУЫЛ ОҚУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА ӨТЕДІ

Ауыл мектептері оқушыларының республикалық олимпиадасы биылғы жылдың қарашасы мен 2024 жылдың қаңтар айлары аралығында алғаш рет өткізіледі. Ол бастама қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінде өткен аппарат отырысында белгілі болды деп хабарлайды облыстық білім басқармасының баспасөз қызметінен.
Олимпиадаға ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушылары қатыса алады.

«Республикалық олимпиадаларда академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін тапсырмалар әр қатысушыға жеке электронды түрде жіберіледі. Олимпиаданың барлық кезеңдерінде оқушылардың аты-жөні көрінбейді. Әр кезеңнен кейін тапсырмалардың сканерленген нұсқасы, қатысушылардың жұмыстары мен дұрыс жауаптары орталықтың сайтында жарияланады», – дейді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов.

Олимпиадаларда жеңімпаз болған қазақстандықтарға мемлекет тарапынан 500-ден 1500 АЕК-ке дейін қаржылық қолдау көрсетіледі. Биылғы жылы 23 оқушы жүлделі орындарға ие болды.

«Қазақстандық оқушылардың осындай жоғары жетістіктерін ескере отырып, халықаралық ұйымдастыру комитеті биологиядан ең беделді әлемдік олимпиаданы 2024 жылы Астанада өткізу туралы шешім қабылдады. Оған 80 елден 330-ға жуық үздік жас биолог қатысады деп күтілуде», – дейді Ғаждембек Тұрсынов.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев атап өткендей, мұндай ауқымды шараның өткізілуі – еліміздің бүкіл оқу-ағарту саласының жетістігі мен жоғары мәртебе.

Жаңалықтармен бөлісу