Арқалық қалалық «Мұхтасиб Әлмұхамед» мешітінде қасиетті мәуліт айының құрметіне мәуліт шәріп оқылып, салауаттар айтылып, футболдан ашық турнир ұйымдастырылды.
Жарысқа көршілес Амангелді ауданының «Сатыбалды ищан» мешітінің жамағаты, №5 мектептің оқушылары, Арқалық қаласының құрама командасы және мешіт жамағаты қатысты.
Жарыс қорытындысында бірінші орын Амангелді ауданының командасына берілді.
Екінші орынды мектеп командасы, үшінші орынды мешіт командасы иеленді.
Жүлдегерлерге алғысхаттар, медалдар, кубок және ақшалай сыйлықтар табысталды.
«Қасиетті мәуліт айы- пайғамбарымыздың туған айы. Бұл – дәстүрлі ислам дінінің қалыптасуы, пайғамбарымызға деген құрмет деңгейінде аталып өтілетін мереке. Пайғамбарымыз хадистерінде «Атқа мініңдер, садақ тартыңдар, жүгіріңдер» деген сияқты халықты денсаулықты шынықтыруға үндейді. «Әрбір мұсылман қайырлы, бірақ әлсізінен әлдісі артығырақ» деген. Мәуліт айын өткізумен елдің берекесі, ынтымағы, ауызбіршілігі қамтылады. Сондықтан, біз бұл іске өте мұқият қараймыз. Орайы келіп тұрғанда мәуліт мерекесін қолдап, демеушілік танытып жатқан барша бауырларымызға шынайы алғысымызды білдіреміз»,– дейді қалалық мешіттің бас имамы Нұрхан қажы Бақтыбай.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы