Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында еліміздің сайлау жүйесін жетілдіруді тапсырған еді. Еліміздің 45 өңірінде саяси науқанға дайындық жүріп жатыр.
Әр облыс 45 әкімді сайлайды. Нақтырақ айтқанда, тұңғыш рет облыстық маңызы бар 3 қала мен 42 ауданның әкімі сайланады. Осы кезге дейін әкімдер мәслихаттың шешімімен сайланса, бұл жолы халық өзі дауыс береді, шешім қабылдайды.
Оған Қостанай облысының Қарабалық, Федоров, Алтынсарин, Денисов аудандары мен Рудный қаласы еніп отыр. Бұл жауапкершілікті Алтынсарин ауданының жұртшылығы да жақсы түсінеді. Осыдан екі жыл бұрын дәл осылай ауыл әкімдерін сайлағанда да халық белсенділік танытқан. Өздері келіп, дауыс беріп, таңдауларын жасаған.
Бұл саяси науқанға алтынсариндіктердің дайындығын біліп қайттық. Аудан бойынша әкімдікке үш кандидат тіркелген. Қазір үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол науқан 4 қарашаның түнгі сағат 00. 00-де аяқталады. Біз барған Силантьев ауылының №872 учаскесі сайлаушылардың тізімін тексеріп, жұмысты бастап жатты. Бұл учаскеге 178 сайлаушы келе алады.
– Алдағы өтетін сайлауда Алтынсарин ауданы облыс бойынша бес ауданның ішіне еніп отыр. Сайлау жұмыстары бойынша учаскелік комиссиялар 15 қазаннан бері жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта Алтынсарин ауданында 28 учаскелік сайлау комиссиясы құрылды. Оның 140 мүшесі белсенді қызмет көрсетуде. Елімізде мұндай сайлау алғаш рет өткізілетіндіктен, комиссия тарапынан нормативтік және әдістемелік қолдаудың барлық кешені көрсетіледі. Бұл ретте аумақтық сайлау комиссиясы алдағы сайлаудың заңдылығын, ашықтығы мен әділдігін қатаң бақылайтын болады, – дейді аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Бибігүл Сегізбаева.
4 қараша – тыныштық күні. Ал 5 қараша күні аудандағы барлық сайлау учаскесінде дауыс беру болады. Басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың көп дауысын жинаған кандидат жеңіске жеткен болып саналады. Аумақтық сайлау комиссиялары 11 қарашадан кешіктірмей барлық кандидаттар мен олардың жинаған дауысы, кімнің басым дауыс жинағанын жариялауы керек.
Қазір ауданның орталық алаңынан, сайлау учаскелерінің алдынан кандидаттардың бағдарламаларын, жапсырылған үгіт-насихат материалдарын көруге болады. Біз кезіктірген тұрғындар 5 қараша күні таңдау жасауға баратынын, бұл саяси науқанның маңызды екенін айтты.
«Халықтың қамын ойлайтын, нағыз істің адамы сайланса дейміз. Бүгінге дейін жасалған жұмысты одан әрі жандандырып жіберетін іскер адамның лауазымға тағаайындалғанын қалаймыз, сол үшін дауыс береміз», – дейді аудан тұрғыны.