Науырзымда  орманшылар әулеті тұрады

Науырзымда орманшылар әулеті тұрады

Өлкемізде осынау қиындығы мен жауапкершілігі қатар жүретін мамандықты адал атқарып жүрген, бүгінде еңбегі еленіп, халқы құрмет тұтқан жандар жетерлік. Солардың бірі қыдыр қонып, құт дарыған, шежірелі өлке – Науырзым жерінде туып өсіп, бүгінде тамырын тереңге жіберген алып бәйтеректей, мәуелі баққа айналып отырған Кәрімовтер әулеті. Бұл әулетті наурызымдықтар ерекше мақтанышпен айтады. Себебі олар бір әулетімен орманшы.

Бұл әулетте орман қорғау мамандығы атадан балаға мұра болып келе жатыр.  Ұрпақтар сабақтастығы үзілмеген. Себебі әулеттің жалпы еңбек өтілдері сонау 1986 жылдан басталып бүгінге дейін үздіксіз 67 жылға жалғасын тапқан. Осынша ерен еңбек, өмірлік тәжірибе, әкеден балаға рухани азық болып, мұра ретінде қалып келеді.

 

Кәрімовтер Науырзым ауданының Саршығанақ елді мекенінде дүниеге келген. Күні бүгінге дейін туған жерден алшақтамай, орман қорғау ісінде үздіктердің үздігі болуда. Қасиетті Науырзым жеріне еңбектерін сіңірген азаматтар.

Ағайындылардың үлкені Кәрімов Наурызхан Сәкенұлы еңбек жолын Науырзым ауданының Саршығанақ елді мекенінде орманшылық қызметінен бастаған. Осы жерде шаңырақ көтеріп асқар тау әке атанып, бүгінде алтын асықтай екі ұлы мен бір қызын тәрбиелеп, өсіріп өз алдына жеке қанаттандырып отырған жайы бар.

Ал Кәрімов Батырхан Сәкенұлы Қарамайшы елді мекенінде 23 жыл орман қорғау ісінде қажырлы еңбек етіп келеді. Мемлекеттік инспектор. Ол өз жұмысын жанындау жақсы көріп, бес саусағындай біледі. Бұл жердің әр тасы мен шөбі де таныс. Табиғатты қорғау үлкен жауапкершілікпен қатар сақтықты, батырлықты талап ететін тілге тиек етеді. Әсіресе, жаз кездерінде тілсіз жау өрттің, майлы қарағай ағашын жиі маңайлайды. Сондайда сақтық керек. Көктен түскен найзағай ұшқынын бірінші болып байқап, өрттің алдын алу керек. Табиғат сақшысы болу үшін қырағы болған дұрыс деп айта береді. Батырхан ағамыз, айрандай ұйып отырған берекелі отбасының тірегі, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отырған аяулы жар, ардақты әке.

«Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі» дегендей Кәрімов Наурызхан ағамыздың ұлдарының кенжесі Қанатхан да әке жолын қуып бүгінде, мемлекеттік инспектор қызметін абыроймен атқаруда.

             –Туған елге тағзым ету парызым, туған жерге қызмет ету қарызым. Еліміздің, туған жеріміздің одан әрі дамып көркеюіне атсалысып, үлесімізді қосу, Отан алдындағы әрбір пенденің туған өлкесінің алдындағы парызы, бұзылмас берік анты. «Бөтен елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол»- дегендей әрбір адам өзінің туған жерінен мансап қуып ешқайда кетпей, осылайша өмір сүріп отырған ортасының сұлулығын сақтап, оның ауасының, суының ластануына жол бермей, оның өсіп – өркендеп, гүлденуіне үлесін қосса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді ағайынды Кәрімовтер.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

 

 

Жаңалықтармен бөлісу