Биыл ауа-райының қолайсыздығынан Арқалық өңірінде астықтың сапасы мәз болмай тұр. Жаз бойы құрғақшылық болып, күзде жауған толассыз жауын егінді нақ орып алар шақта қайта көктетіп жіберді.
Егіндері көктеп, еңбектері еш боп отырғандардың бірі – Фурманов ауылындағы «Бірлік К» ЖШС. Серіктестік басшысының орынбасары Нариман Омаровтың айтуынша, бидай дәнінің көктеуі болғандықтан элеваторлар толық қуатты жұмыс істеп, арасында екі-үш күн тоқтауына мәжбүр. Өйткені, кептіру жұмыстары ұзақ процесті қажет етеді.
«Жаздай жаңбыр болмады. Қазір енді бүлініп кетті. Бидай көктеп кеткен. Бесінші сұрыпқа да келмейді.Тұқымға қалдыруға да жарамсыз»,– дейді ол.
Мәселенің мән-жайын Арқалық тұқым зертханасы да растап отыр.
Зертхана Арқалық қаласымен қатар көршілес Аманкелді, Жанкелдин аудандарына да қызмет көрсетеді.
«Зертханаға тұқымның сапасын анықтау үшін қабылдап жатырмыз. Биыл көрсеткіштер бойынша тұқым көктеген болып танылып жатыр. Жаңбырға дейін жинап алған шаруашылықтар да бар. Көбісі жауын-шашынға ұрынды. Соған байланысты, қазір тұқымның сапасы да төмендеп кетті. Егіннің шығымы орташа алғанда 95-96% болғанымен тұқымға қалдыруға күмәнді. Ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің айтуынша, бұл өте тәуекелді іс. Ертеңгі күні тұқымның сапасының жақсы болуына ешкім анық кепілдік бере алмайды»,– дейді Арқалық тұқым зертханасының меңгерушісі Балғадиша Әубәкірова.
Осылайша, өңірде көптеген егін көктеген болып танылды. Көктеген егін мал азығына болмаса басқа қажеттіліктерге пайдалануға жарамайды. Мамандардың мәлімдеуінше күмәнді тұқымды сепкен жағдайда масақтың іші бос болуы мүмкін.
Орайы келгенде айта кетсек, қалалық ауыл шаруашылық бөлімінің есебінше, жалпы көлемі 297,2 мың га егіс алқаптың 275,8 мың га (92,8%) жинап алынды. Егіннің орташа түсімі гектарына 3 центнерді құрайды. Жоспарланған 20 мың тонна тұқымның 11,9 тоннасы (59,5%) орындалды.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы.