Қазіргі кезде сатылымда дәрумендер мен биологиялық белсенді қоспалардың неше түрі толып жатыр. Шетелден келетіні де аз емес. Бірақ олардың құрамы қандай, ағзаға зияны мен пайдасы жайында көп айтыла бермейді. Ал жарнамасы жер жарады. Осыған байланысты облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тағамға биологиялық белсенді қоспалардың айналымын бақылауды қолға алды. Олар облыстың жарнама таратушылары мен жарнама берушілерінің көпшілікке тарататын мәліметтеріне талдау жүргізді.
Мәселен, осы жылдың 9 айында БАД жайында 434 жарнама таратушы әлеуметтік желілерге ақпараттар салған. Оның ішінде 76 дәріхана ұйымдарының сайттары, 18 бұқаралық ақпарат құралдары, 340 интернет-бет. Мониторинг нәтижелері бойынша БАД жарнамасын орналастыру мәселелері бойынша бұзушылықтарды жою туралы 74 ұсыныс берілген, оның ішінде 42,0% ұсынымдар мерзімінде орындалмаған.
–Берілген ұсынымдарды мерзімінде орындамағаны үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне әлеуметтік желілердің сайттарын бұғаттау үшін 31 ақпарат жіберілді. Халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Департамент Қостанай облысының тұрғындарына БАД қолданар алдында дәрігермен кеңесуді ұсынамыз. Тағамдарға қосатын биологиялық белсенді қоспаларды сатып алмас бұрын, сатушылардан өнімнің сәйкестігін растайтын құжатты сұраған жөн, – дейді департамент басшысының орынбасары Зәуре Елшібаева.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА