Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев аялдамаларға жарнама ілгендерді жазалауды тапсырды.
Әкімдікте өткен жиында осы мәселе жөнінде қалалық полиция басқармасы арнайы рейдтік іс-шара ұйымдастыру қажет екенін айтты.
– Аялдама – мемлекеттің мүлкі. Толып жатқан түрлі-түсті концерттік бағдарламалардың жарнамаларын аялдама шыныларына, іші-сыртына іліп кеткен. Одан қалды дарбазалар мен ғимараттардың сыртына жабыстырады. Олардан кейін коммуналдық қызмет мамандары тазалап әлек. Желімдеген орны қалып қояды. Үн парақтарды жабыстыратын арнайы тақтайша бар ғой. Қалалық полиция басқармасы бейнежазба арқылы ілгендерді тауып айыппұл салуы керек, – деді қала әкімі.
Сералы МЫРЗАБАЙ