Бір айдан кейін  әкімдер сайлауы өтеді

Бір айдан кейін әкімдер сайлауы өтеді

Алда тағы бір маңызды саяси науқан келе жатыр. Аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау уақыты жақындап қалды. Елімізде биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қалалар әкімдері тікелей сайланады.

«Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдерін сайлайтын боламыз. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды. Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз. Бәріміз мына бір өте маңызды нәрсені түсінуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қостанай облыстық мәслихатының депутаттары аудандар мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің пилоттық сайлауын өткізу үшін облыстың 5 өңірін айқындады. Оның ішінде Алтынсарин, Денисов, Қарабалық, Федоров аудандары және Рудный қаласы бар. Жалпы сайлау науқанында 5 аудандық аумақтық сайлау комиссиясы және 194 учаскелік сайлау комиссиясы қатысады. Облыстық маңызы бар қалалар мен аудан әкімдерін сайлау азаматтардың жергілікті атқарушы билік деңгейінде шешімдер қабылдауға тікелей қатысуын кеңейтуге бағытталған саяси реформалардың маңызды кезеңі. Алдағы 15 қыркүйекте аумақтық сайлау комиссиялары аталған өңірлердің әкімдерін сайлауды 2023 жылғы 5 қарашаға тағайындау туралы қаулы қабылдады.

            –Сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарлары бекітілді. 16 қыркүйек пен 5 қазан аралығында әкімдікке кандидаттар ұсынылды. ҚР сайлау туралы Конституциялық заңына сәйкес әкімдікке ұсынуды саяси партиялар мен азаматтар өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүргізеді. Сайлау комиссиялары кандидаттардың «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігін анықтау бойынша жұмыс жүргізді. 10 қазанға дейін кандидаттарды тіркеу жүргізіледі. Сол күні сағат 18.00-ден кейін әкімдікке кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті басталады, – дейді облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Жәлмила Именалинова.

Жергілікті атқарушы органдар үгіт материалдарын орналастыруға арналған орындарды, сайлаушылармен кездесуге арналған үй-жайларды белгіледі. 15 қазанда жергілікті атқарушы органдар сайлаушылар тізімін сайлау учаскелеріне береді, ал 20 қазаннан бастап әрбір сайлаушы өзінің сайлау учаскесіне келіп, оны сайлаушылар тізіміне енгізумен танысуға құқылы. Әкімдерді сайлау жөніндегі сайлау науқаны туралы барлық ақпарат аумақтық сайлау комиссияларының интернет-парақшаларында орналастырылған және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу