Тамыз-қыркүйек айларындағы толассыз жауған жаңбыр бидайдың сапасына едәуір залал келтірді. Салдарынан облыстағы ауылшаруашылығы тауар өндірушілері жаппай дабыл қаққан еді. Тіпті, өткен айдың соңына дейін элевторлар ұзыннан-ұзақ кезектен арылған жоқ. Қазір қауіптің бұлты сейілген. Өңірдегі барлық астық қабылдау пункті тұрақты жұмыс істеп жатыр.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының тұқым шаруашылығы, мемлекеттік тұқым және астық инспекциясы бөлімінің басшысы Анастасия Кудринаның айтуынша, дәнді-дақылдарды қабылдайтын орын жеткілікті.
–Жалпы облыс бойынша 8,3 млн. тоннаға дейін астық сақтайтын орын бар. Мәселен, 37 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорынында – 3 млн тоннаға дейін, ал ауыл шаруашылығы құрылымдарының қоймаларында -5,3 млн тоннаға дейін астық сақтауға болады. Қазіргі уақытта астық қабылдау пункттерінде 980,7 мың тонна дәнді-дақылдар сақталған. Оның ішінде 819,6 мың тонна бидай, 120,1 мың тонна арпа, 450 тонна сұлы, 6,9 мың тонна қара бидай, 204 тонна зығыр, 33,4 мың тонна басқа дақылдар бар. Тамыз айынан бері облыстың астық қабылдау пункттеріне 850,8 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері түсті. Оның дені 3-4 класты бидай. Ал 91,4 мың тонна астық немесе жалпы өнімнің 10,7%-і 5 класқа тиесілі. Ешқадай класқа жатпайтын астық көлемі 225,1 мың тонна. Әзірге, облыстың астық қабылдау кәсіпорындарының жүктемесі 32,3%-ке тең. Өткен қыркүйек айында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасында арнайы колл-орталық ашылды. Мұнда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің астық қабылдау мәселелеріне қатысты өтініштерді қабылданады,–дейді Анастасия Кудрина.
Колл-орталық ашылғалы бері ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерден дәнді-дақылдардың ылғалдылығы жөнінде, ал элеваторлардан астық кептіру үшін қажетті дизельдік отын алуға өтініштер түскен. ҚР энергетика министрлігі біздің облысқа бір литрі 250 теңгеден 11 мың тонна жанар-жағар май бөлді. Қазір бар мәселе шешілген. Дүрбелең туғызуға еш негіз жоқ.
Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, өңірде ылғалды астықты кептіру үшін 318 агрегат үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Олар бір сағатта 12,5 мың тонна астық кептіре алады. Яғни, элеваторлар сағатына 4,1 мың тонна, ауыл шаруашылығы құрылымдары сағатына 8,4 мың тонна дәнді-дақылды құрғатуға қауқарлы. Қазіргі таңда барлық элеваторлар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. “Қостанай ұн комбинаты” АҚ осыдан бір ай бұрынғыдай кезек кептелісі жоқ. Өйткені, кәсіпорын үсті-үстіне түсіп жатқан дақылдарды кептіріп үлгірмейді. Мұнда әзірге күніне 1-1,5 мың тонна астық қабылдайды.
-Кешеден бері астықты көп мөлшерде алып жатқан жоқпыз. Бізге түсіп жатқан бидайдың 95%-і 5 класқа жатады. Яғни, ылғалдылығы 17-20 аралығында. Оны үш рет кептіргеннің өзінде жемнен басқа ештеңе жарамайды. Әрине, біздің ең бірінші мақсатымыз, шаруаларға қолымыздан келгенше жәрдемдесу. Сондықтан, күніне әр қожалықтан бір-бір машинадан қабылдап жатырмыз. Біздің элеватордың сиымдылығы 54 мың тоннаға пара-пар. Элеваторға түскен астықты кептіріп, шаруалардың өздеріне қайтарамыз. Әрине, басында кезек дегеніңіз өте көбейіп кетті. Бұрын бізге бидай тапсырмаған шаруалар да келуді жиілетті. Олардың жағдайын түсінуге болады. Ауа-райының қолайсыздығы болмаса ешкім бұлай әуре-сарсаңға түспес еді. Алайда, қазір жағдай тұрақталды. Кәсіпорын тәулік бойы үзіліссіз істеп жатыр, -дейді “Қостанай ұн комбинаты” АҚ бас директоры Қуан Есқайыров.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.