Жазушы-педагог С.Көбеевтің құрметіне көрме ашылды

Жазушы-педагог С.Көбеевтің құрметіне көрме ашылды

Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінде қазақ жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Спандияр Көбеевтің туғанына 145 жыл толуына орай «Ұстаз – ұлағат иесі» атты көрме ашылды. Ұлы ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің зейінді шәкірттерінің бірі болған және ұстазының ағартушылық жұмысын жалғастырған Спандияр Көбеевтің жеке заттары мен құжаттары қойылған көрменің салтанатты ашылу рәсімі ұстаздың шөбересі С.Көбеев және ыбырайтанушы, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, Спандияр Көбеевтің еңбегін зеттеуші Биалаш Сүйінкинаға берілді.

Спандияр Көбеев 1878 жылы 1 қазанда қазіргі Қостанай облысы Меңдіқара ауданында туған. Ұлы ағартушы-педагог Ы.Алтынсариннің көмегімен алғаш мектепке қабылданды. Алтынсариннің бала Спандиярға «Оқы, балам! Жақсы оқы!» деп айтқан сөзі жас оқушының болашағына жол сілтеп, оны өмір бойы өзгерлерге білім нәрін беріп жүру қызметіне бағыттады. Ұстазы Ы. Алтынсариннің қызмет жолын жалғастыруды арман еткен С. Көбеев Қостанайдағы екі жылдық курсқа түсіп, бастауыш класс мұғалімі болып шығады. С.Көбеев балаларды Ыбырай әдісімен оқытады, ғылым негіздерін үйретеді. Оның қаламынан «Үлгілі тәржіме», «Үлгілі бала», «Қалың мал» және «Орындалған арман» атты ағартушылық және әдеби шығармалар дүниеге келді. «Қалың мал» шығармасы қазақтың алғашқы романдарының бірі болып табылады және автордың өзі де әдебиеттің осы жанрындағы алғашқылардың бірі болды.

 

 

Жаңалықтармен бөлісу