Полицияға қазан айының 1-не қараған түні қаладағы мейрамхананың бірінде бірнеше адам төбелесіп жатқаны туралы хабар түседі. Жанжал барысында 56 жастағы азамат 27 жастағы ер адамға пышақ сұғып алған. ПД тергеу басқармасының бастығы Нұрлан Арыстановтың айтуынша, екеуі бір-біріне алыс туыс екен.
Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері Қостанай қалалық ПБ Солтүстік бөліміне жанжалға қатысқан 6 адамды жеткізді.
– Полиция қызметкерлері істің мән-жайын анықтады. Оқиға үйлену тойынан кейін қонақтардың арасындағы керістен басталған. Ақырында 56 жастағы кісі 27 жастағы азаматқа пышақ салып, дене жарақатын келтірген. Осыған сәйкес полиция ҚР ҚК 106-бабының 1 бөлігі “Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” және ҚР ҚК 293-бабының 3-бөлігі “Бұзақылық” бойынша қылмастық іс қозғады. Екеуі бір-біріне алыс туысқандар болып келеді. Тергеу барысы полиция департаменті басшысының бақылауында, – деді Нұрлан Арыстанов.
Азамат пышақты қалтасынан алып шыққан. Ішінен жарақат алған азаматты туыс ағасы қалалық ауруханаға жеткізген. Қазіргі жағдайы қалыпты. Ал өзге қатысушылар жарақаттанбаған.
– Пышақтаған ер адамнан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. Ол қасақана пышақтау дерегін жоққа шығармайды. Жас жігіт болғандықтан қорғанғанын айтады. Екеуі де бұрын-соңды жауапкершілікке тартылмаған, – деді тергеу басқармасының бастығы.
Сералы МЫРЗАБАЙ