Қайта өңделетін қалдықтарды сұрыптайтын арнайы контейнерлер қойылады

Қайта өңделетін қалдықтарды сұрыптайтын арнайы контейнерлер қойылады

Қостанай облысының 6 қаласы мен 9 ауданына ғарыштық мониторинг жүргізілген. Былтыр мониторинг жүргізу арқылы ретсіз төгілген қоқыс үйінділерінің 98% жойылды.

            “Қазақстан Ғарыш Сапары ҰҚ” АҚ геопорталында 464 заңсыз қоқыс орны тіркелген. Рұқсат етілмеген полигондарды жою бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Қатарбеков баяндады.

Қыркүйек айының соңындағы жағдайға сүйенсек, өңірдің қала мен аудан әкімдері 427 қоқыс үйіндісін жойған. Енді 15 полигонды жою қалып отыр.

            – Қостанай қаласында 6, Рудный мен Арқалықта 3, Жітіқара ауданында 2, Қамысты ауданында 1 жойылмаған полигон орындары қалды. Пайдалану орындарын ластағаны, абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін биыл полиция қызметкерлері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 505-бабы бойынша 5554 заңды және жеке тұлғаға 5383 ескерту, 171 тұлғаға 17,2 млн теңге айыппұл салды, – деді басқарма басшысы.

Жыл сайын табиғи полигондар саны артып келеді. Нұрлан Қатарбеков оның бірден бір себебі құрылыс қалдықтарын дұрыс пайдаланбаумен байланыстырды. Облыстың тек төрт кәсіпорнында құрылыс қалдықтарын қайта өңдеу цехы жұмыс істейді.

            – Мысалы, Қостанай аумағында “EkoLabRecycling” ЖШС құрылыс қалдықтарын қайта өңдейді. Ұсақтаудан кейін алынған материал құрылыстың әртүрлі салаларында қолданылады. 2022 жылы кәсіпорын 1,5 тоннаға жуық құрылыс қалдықтарын, ал биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 600 тоннаға жуық құрылыс қалдықтарын қайта өңдеді, – деді ол.

Серіктестік басшысы ауқымды кеңейтуге цехтың күші жеткенімен, нысанның тарлығы мүмкіндік бермей тұрғанын айтты.

            – Цехымыз бұрынғы Химия зауытының шағын аумағында орналасқан. Орын көлемі тарлық еткендіктен, өндеуге үлкен көлемде өнім ала алмаймыз. Нысанымызды кеңейткіміз келеді. Бұл мәселе жөнінде әкімдікке ұсынысымыз бар. Әкімдік үлкен аумақ берер болса, өз қаражатымыздың есебінен сол нысанға жабдықтар сатып алар едік, – деді “EkoLabRecycling” ЖШС басшысы Қайрат Мүкиев.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов кәсіпорынға орын тауып беруді қалалық әкімдікке тапсырды. Сондай-ақ, өңірдің аудандары мен қалаларына жыл соңына дейін қалдықтарды бөлек-бөлек салатын қоқыс жәшіктерін орнатуды міндетеп отыр. Мысалы, Меңдіқара ауданы 15 контейнерлік алаң орнатқан. Осылайша қайта өнделетін шикізатты яғни, шыны, қағаз бен пластикті сұрыптайды.

            – Облыс орталығында құрылыс қарқынды. Сондықтан қалада құрылыс қалдықтарын қысқа мерзімде қайта өндейтін аумақ болуы қажет. Қала мен аудан әкімдеріне жыл аяғына дейін қоқыстарды бөлек жинайтын контейнерлер орнатуды тапсырамын. Менің пайымдауымша, көшедегі қағаз, пластик, тамақ қалдықтарына арналған ыдыстарды сұрыптауға болады. Меңдіқара ауданы сұрыптауды жүзеге асырып отыр, өзге аудандардың да қолынан келеді. Сұрыптауға арналған қоқыс жәшіктерін орнатыңыздар, – деді Құмар Ақсақалов.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу