Қазақстанда жол қозғалысы ережесін бұзғандарға айыппұл көлемін көбейту жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
“Жол апатының төрттен бір бөлігі жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс асырғанының салдарынан болған. Сонымен қатар жол-көлік оқиғасы жол қозғалысы ережелерін, оның ішінде көлікті мас күйде басқару және малдың жайылымын бақылаусыз қалдыру салдарынан болған,” – делінген бас прокуратура үйлестіру кеңесінің хабарламасында.
Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының болуына жолдар мен жол инфрақұрылымының сапасыздығы, жол ережесін бұзатын жаяу жүргіншілер мен такси жүргізушілері әсер еткен. Дегенмен мәселе тек заңсыз тасымалдайтын такси жүргізушілерін жауапқа тартумен шектелмейді. Үйлестіру кеңесі кезінде жол қауіпсіздігінің кешенді шараларын және барлық ереже бұзушыға қатысты нөлдік төзімділік қағидасын енгізу ұсынылған.
Бас прокуратура жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін азайту мақсатында инфрақұрылымды жақсартып, жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайын автоматты түрде тіркейтін камералар желісін көбейтуді, айыппұлдардың көлемін арттыруды көздеп отыр.
Ведомствода “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” Қазақстан Республикасының кодексіне жол қозғалысы ережелерін өрескел және қайталап бұзғаны үшін жазаны күшейтуді көздейтін өзгерістерді әзірлеу мәселесі қолға алынғанын атап өтілді. Нөлдік төзімділік қағидасы – бұл шағын заң бұзушылықтардың арты аса қауіпті заң бұзушылықтарға ұласып кетуін алдын алу мақсатында қабылданатын шаралар. Яғни азамат қандай да бір заң бұзушылықты жасаған жағдайда бірден жауапқа тартылады.