Қостанайдың «Тобылы» футболдан Қазақстан чемпионатының аясында кейінгі шегерілген 15 турдың ойынын петропавлдық «Қызылжар» командасына қарсы қонақта өткізді.
Ойын қонақтардың басымдығымен өрбіді. Бірінші таймның соңына таман жартылай қорғаушы Ислам Чесноков Милиян Вукадиновичтен тамаша пас алып, басымен допты қақпаға тоғытты.
Алайда кездесудің 62 минутында таразы басы теңесті. Бұрыштамадан келген допты «Тобылдың» жартылай қорғаушысы Евгений Шахов өз қақпасына кіргізіп алды. Осылайша, «Тобыл» қолда тұрған жеңістен айрылып, кездесу тең аяқталды.
Айтқандай, қостанайлықтар бірнеше матч бойы жеңістің дәмін тата алмай келеді. Бұған дейін өз алаңында «Қайсарға», қонақта «Қайрат» сияқты командаларға жол берген болатын. Оны жанкүйер қауым команданың Қазақстан кубогіне аса мән беріп, чемпионатта үздік төрттіктен қол үзгенімен байланыстырады. Жеңісті күндерден үміт үзбейік.