Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов Сарыкөл ауданына жұмыс сапары аясында 500-ден астам тұрғыны бар Сорочин ауылына табан тіреп, ондағы «Агро-Парасат» ЖШС-нің серпінді істерімен танысты.
Облыс әкімі Сорочин ауылындағы серіктестіктің бастамаларымен танысып, абаттандыру жұмыстары жайында сұрады.
– Сорочин маған етене таныс. Бұл жерде еңбек еттім. Сол кезде таза ауыл болатын. Қазір де абаттандыру жұмыстары көз қуантады. Кәсіпкерлер ауылға, жұмыскерлерге осындай жағдай жасауы тиіс. Жалақыны жыл сайын көтеріп отыру керек, – деп атап өтті Құмар Ақсақалов.
Мұндағы «Агро-Парасат» ЖШС егін шаруашылық саласымен мал шаруашылығын да қолға алған. Соңғы жылдары туған жерді көркейту ісіне ден қойды. Бұл серіктестік бұған дейінде өз жұмыскерлеріне үй салып берген болатын.
Енді биыл тағы да құны 54 млн тұратын екібасты тұрғын үйдің кілтін табыстамақшы. Үйдің жалпы алаңы 400 шаршы метрді құрайды.
Облыс әкімі жыл басында пайдаланылуға берілген екібасты үйді қарап шықты. Осы ауылда тұрып, кәсібімізді дөңгелетіп жатқан соң елге берекелі болсын деген ниетпен жаңа бастамаларды бастап кеттік дейді серіктестік директоры Азамат Жолаушыбаев сөз арасында.
Одан әрімен облыс әкімі ауыл ішіндегі абаттандыру жұмыстары бойынша оң бағасын берді.
Айта кетейік, бұл орайда да «Агро-Парасат» ЖШС-нің қосып жатқан үлесі орасан. Жаз айында серіктестік өз қаражатына ауылдың Учительская, Самарская көшесінің жолына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізсе, тағы да екі көшеге құм төсеп, жөнге келтірді. Ауылды күл-қоқыстан тазалап, 8 млн. теңгеге шағын футбол алаңын салды. Қәзіргі таңда тұрмыстық кешен мен қоғамдық монша және шаштараз және дүкеннің құрылысы аяқталуға жақын қалды. Бұл нысандар іске қосылғаннан кейін ауыл адамдары жұмыспен қамтылатын болады.
Жүрегі туған жерім деп соққан жеке кәсіпкердің бұл ісіне облыс әкімі оң бағасын берді. Аймақ басшысының әрі қарай сапары Сарыкөл кентінде жалғаспақ.
Руслан ӘЛКЕЕВ
Суреттерді түсірген Б.Көркембаев
Сарыкөл ауданы