Жеке кәсіпкер Татьяна Антонинова 2017 жылы “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасының аясында банктен несие алып, “Ежата” сұлулық студиясын ашты. Ол кезде Қостанайда балаларға арналған шаштараз мүлде жоқ еді. Алғашқы жылдары студияда бір мастер жұмыс істесе, алты айдан соң үш адамға көбейді. 2020 жылы пандемияға қарамастан, Татьяна бизнесін кеңейтуді құп көріп, жаңа нысанға қоныс аударды. Қызметін тұтынушылар үшін жеке сайт ашты. Бірте-бірте жұмысы алға басқан кәсіпкер қосымша мамандарды жұмысқа тартты. Бүгінде оның сұлулық студиясында он бір адам тұрақты еңбек етеді. Заманауи студияда адалдық жүйесі енгізілген. Колл-орталықтың бірыңғай жүйесі жасалды.
– Өткен жылы көктем айында “Ежата” брендімен мерекелерді ұйымдастыратын студия ашу туралы шешім қабылдадым. Сөйтіп, банктен 38 млн теңге несие алып, оған мына үйді сатып алдық. Қазіргі уақытта “Ежата” негізгі жұмысынан бөлек ертеңгілік, туған күн тәрізді балалар мерекесін ұйымдастыруға арналған студия, сурет салу, тігу, ән айту және т.б. шеберханасы, Baby siter, яғни, қысқа мерзімге бала күтімін ұйымдастырдық, Мәселен, ата-аналар қауырт жұмыстары шыға қалса, сәбилерін белгілі бір уақытқа бізге әкеп тастайды, – дейді жоба жетекшісі.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Б.Мейрамұлы