Елбасының жыл сайынғы Жолдауында қоғамның қандай сала өкілдеріне болмасын, басым бағыттары айқын айтылып, міндеттер алға қойылады. Осы жылғы Жолдаудың да өзекті тұстары өте көп. Әсіресе, Жолдауда басты назар аударылған жасөспірімдер мәселесі кезек күттірмейтін тақырып екенін біз әскерилер толығымен қолдаймыз.
«Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өсуін қамтамасыз етуге тиіспіз», – деген еді Жолдауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы тұста әскери қызметшілердің балаларын, оның ішінде көп балалы, ерекше қасиетті ұл-қызы бар отбасыларды құқықтық жағынан сауаттандырып, Үкіметтен беріліп жатқан жәрдемақы, жазғы демалыстарын ұйымдастыру, сапалы білім беру басымдықтарын жолға қою үшін жұмыстардың бір парасын жоспарлап отырмыз.
Әскер қатарына шақырылып отырған сарбаздардың ішінде көп балалы отбасыдан шыққан қатардағы жауынгерлер бар. Біз олармен жеке сұхбаттар жүргізіліп, әскерилерге жасалып жатқан жағдайларды, «Отбасы банкі» арқылы берілетін «Әскери баспана» бағдарламасының пайдасын түсіндіреміз. Қаржылық сауаттылыққа үйрету арқылы заң жөнінде білімін кеңейтіп отырамыз. Жолдауда айтылғандай, әділетті қоғам құрудың негізгі кепілі біз өзіміз – азаматтар адал болған жағдайда бәсекеге қабілетті ел болатынымызға ұмтылдыру бәрімізге артылған міндет.
«Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруі тиіс», – деді Президент.
Түптеп келгенде, әділетті Қазақстанды құру дегеніміз қол қусырып қарап отыру емес, әрбір азаматтың табанды еңбегі мен жанашыр қадамы, адал әрекеті ғана байыпты істерге жетелейді. Жоғары жауапкершілікті арттырып қана әділетті Қазақстанды болашақ ұрпаққа қалдыра аламыз.
Талғат ӘБДІРОВ,
6697 бөлім командирі
полковник